27.01.2009, 13:18 1699

Мал шаруашылығын экспортқа бағыттай дамытуға оның эпизоотикалық ахуалы кедергі келтіруде - ҚР АШМ

Мал шаруашылығын экспортқа бағыттай дамытуға оның эпизоотикалық ахуалы кедергі келтіруде - ҚР АШМ

Шымкент. 27 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Мал шаруашылығын экспортқа бағыттай дамытуға оның эпизоотикалық ахуалы кедергі келтіруде. Бұл туралы еліміздің ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев кеше Шымкентте өткен "Агроөнеркәсіптік кешендегі серіктестік" атты өңірлік форум барысында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, еліміздің оңтүстік өңірі мал шаруашылығы саласының барлық бағыттары үшін қолайлы база болып табылады. Мұнда сан алуан жем түрлерін өндіру көлемін барынша ұлғайтуға барлық жағдай бар. Осының бәріне қолайлы күн райын қоса есептегенде, ол малды өнеркәсіптік тұрғыда бордақылауға мықты негіз болмақ. Өңірдің шөлейт және жартылай шөлейт аймақтарында орналасқан ауқымды мал жайылымдары мамық жүнді қой шаруашылығын дамытуға тамаша мүмкіндік береді.

"Алайда, мал шаруашылығын экспортқа бағыттай дамытуға оның эпизоотикалық ахуалы кедергі келтіріп отырғанын мойындау керек. Еліміздің осы өңіріндегі эпизоотикалық ахуалының деңгейінің төмендігі малды идентификациялаудың жеткіліксіздігіне, мал дәрігерлік профилактикалық шаралардың жеткілікті жүргізілмейтіндігіне, жергілікті жерлерде мал дәрігерлік заңнаманың сақталмайтындығына байланысты. Сонымен бірге мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы да көңіл көншіте алмай отыр. Малды арнаулы кәсіпорындарда сою жұмыстары ұйымдастырылмайды, ауырған малды санитарлық жолмен сою мәселесі де күрделі күйінде қалып отыр. Бұл мәселелердің бәрін де жедел шешу қажет", - деді А. Күрішбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны