04.02.2021, 20:21 17014

Мамин Алматы қаласын дамыту жобаларын уақытылы және сапалы жүзеге асыруды тапсырды

Алматы. 4 ақпан. Kazakhstan Today - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
 

Инженерлік, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, білім беру және денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инвестициялар тарту, қоршаған ортаны қорғау және Алматы қаласын газдандыру мәселелері қаралды", - деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

 
Алматы агломерациясын дамыту және 2020-2024 жылдарға арналған "Жаңа Алматы" кешенді жоспарын іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
 

Алматы қаласы елдің ЖІӨ-нің бестен бір бөлігін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында жетекші орынға ие. Мегаполистің одан әрі айтарлықтай даму әлеуеті бар. Жаңа жұмыс орындарын құру, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды және жалпы алғанда, Алматы агломерациясының экономикасын дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет", — деді А. Мамин.

 
2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 4,6%-ға 1,052 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 6,9%-ға (машина жасау 35,8%-ға, фармацевтика 43,5%-ға, қағаз өндіру 95,6%-ға, жеңіл өнеркәсіп 5 есе) артты. 
 
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,2%-ға 971,2 млрд теңгеге дейін өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 402,7 млрд теңгені құрады (+10,6%), 2,4 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді (+14%). 
 
2021-2024 жылдары Алматы қаласында 35,4 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 4,5 трлн теңге болатын 201 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Биыл 7 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, 187,9 млрд теңгеге 92 жобаны іске асыру жоспарлануда. 
 
Жұмыс сапары аясында А. Мамин Алматы қаласының тұрғын үй инфрақұрылымы құрылысының барысын тексерді, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы аса ірі "SmArt.Point" коворкинг орталығын аралады, онда АТ, қаржы технологиясы, онлайн-сауда, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, киберқауіпсіздік, блокчейн, АT-білім беру, медиа, автоматтандырылған логистика, жасанды зерде, роботты техника және т. б. салалардағы 60-тан астам компания ұсынылған.
 
Естеріңізге сала кетейік, Алматының алғашқы өнеркәсіптік парктері 760 млн теңге инвестиция тартты. Бұл ретте 340-тан астам жұмыс орны ашылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны