08.07.2014, 20:54 4717

Маңғыстау облысында бекіре фермасы ашылды

Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында кәсіпкерлер жасанды жолмен балық өсіретін бекіре фермасын ашты.

Алматы. 8 шілде. Kazakhstan today. Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында кәсіпкерлер жасанды жолмен балық өсіретін бекіре фермасын ашты.

"600 млн теңгенің индустриялды-инновациялық жобасы мемлекет қолдауымен іске асырылды. Жаңа өндіріс Маңғыстаудағы балық шаруашылығына серпін беретін бірден бір өндіріс болмақ. Бұл жобаның іске асырылуы, бірніші кезекте, ішкі нарықты балық өнімдерімен қамтамасыз етеді. Бір-екі жылдан кейін кәсіпкерлікті дамыта отырып маңғыстаулық өнімнің шетке сатылуы әбден мүмкін", - дейді облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова.

Фермада асыл тұқымды 60 тонна балық ұсталады. Оны "Орал бекіре" Атырау балық зауытынан әкелген.

"Қазірдің өзінде бізге тапсырыс берушілер бар. Олар дүкендер мен мейрамханалар. Алайда біздің тұрғындарға екі жылдай күте тұруға тура келеді. Өйткені біздің балықтарымыз өсіп-өніп, дүкен сөрелеріне түскенше осындай уақыт өтеді", - дейді "Бекіре-Аралды" фермасының жетекшісі Тұрсынгүл Жақыпова.

Айта кету керек, нысан құрылысы төрт жылға созылды. Арнайы орындарда қазір 3,5 мыңдай бекіре бар.

Тұрсынгүл Жақыпованың айтуынша, маманданған кадрларды дайындау мәселесі айтарлықтай қиындық тудырған. Осы жерде мемлекет үлкен қолдау көрсетті. Екі адам Қарағанды облысы Балқаш ауданына барып оқып келді. Жүріп-тұру мен жатын орын, барлығын мемлекет мойнына алды.

Облыс әкімдігінің айтуынша, жоба мемлекет қолдауымен іске асты. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында тиісті инфрақұрылымдар жасалды. Жарық пен газ қосылды. Жол құрылысы мен негізгі коммуникациялар шығыны 155 млн теңгеге жетті. Оны да мемлекет көтерді. Жаңа кәсіпкерліктің ашылуымен жергілікті 25 азамат екі қолға бір күрек тауып отыр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны