09.04.2012, 14:15 3603

Маңғыстауда құны 403 млн. теңгені құрайтын бекіре тұқымдас балық өсіретін ферманың құрылысы басталды

ЖШС іске асыратын бұл жоба Маңғыстау облыстық әкімдігінің аймақтық үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында қаржыландырылып отыр.

Ақтау. 9-сәуір. Kazakhstan Today - Маңғыстауда құны 403 млн. теңгені құрайтын бекіре тұқымдас балық өсіретін ферманың құрылысы басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Ақтау қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Ақшұқыр ауылында бой көтеріп жатқан кәсіпорын "Бекіре-Аралды" деп аталады.

ЖШС іске асыратын бұл жоба Маңғыстау облыстық әкімдігінің аймақтық үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында қаржыландырылып отыр.

Сондай-ақ бүгінгі таңда "Халық банкінің" облыстағы өкілдігі мен кәсіпкер арасында келісімшартқа қол қойылды.

"Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорының дәнекер болуымен аталмыш жоба төрт кезең бойынша іске асырылады.

Хауыз кешені ресейлік "Акваток" ғылыми өндірістік кәсіпорынының технологиялық құрылғыларымен жабдықталады. Бұған дейін Беларусь пен Ресейде балық өсіруді қолға алған "Акваток" ҒӨК бір жыл ішінде маңғыстаулық ферманы аяққа тұрғызып, жергілікті мамандарды да оқытпақ.

Аквариумда орыс, парсы бекіресі, шоқыр, шабақ пен қортпа сынды бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі. Аквариум ұдайы биологиялық, механикалық тұрғыдан тазаланып отырады. Жыл бойы судың жылылығы 22 градус көлемінде сақталады. Ерекше күтімнің әсерінен моллюскалар ерте дамып, төрт жылдан кейін өнім бере бастайтын болады.

Ферма жылына 60 тонна бекіре тұқымдас балық етін шығарып тұрмақ.

"Бекіре-Аралды" серіктестігі басшысының орынбасары Тұрсынгүл Жақыпованың айтуынша, өнімнің бағасы сырттан келетін балықтан әлдеқайда төмен болғандықтан импорттың орынын басып, уақыт өте келе экспортқа да шығарылатын болады.

"Акваток" ҒӨК басшысының орынбасары Максим Орхиреевтің айтуынша, мұндай фермалар көбейсе броконьерліктің жолын кесуге болады.

"Аквариумда өскен балық теңізде өскен балықтан артық болмайды. Бірақ бәсекеге қабілетті өнім. Еуропа мен Ресей, Қытай елі арнайы кешенде өсірілетін балықты тұтынады",-дейді "Акваток" ҒӨК басшысының орынбасары Максим Орхиреев.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өлкеде былтыр 500 тоннадан астам балық ауланған. Бірақ соның өзінде өңір балықпен 12 пайызға ғана қамтылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны