14.01.2016, 13:56 4344

Мәжiлiстiӊ елдегi ауқымды жұмыстарға жаӊа мандатпен кiрiсуi орынды - А.Мырзахметов

Мәжiлiс құрамы жаӊарып, елдегi ауқымды жұмыстарға жаӊа мандатпен кiрiсуi орынды деп санаймыз. Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлiмдедi

Астана. 14 қаӊтар. Kazakhstan Today - Мәжiлiс құрамы жаӊарып, елдегi ауқымды жұмыстарға жаӊа мандатпен кiрiсуi орынды деп санаймыз. Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлiмдедi, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Мен ұлттық кәсiпкерлер палатасы атынан күнi кеше ғана өздерiӊiз куә болған Мәжiлiс депутаттарыныӊ, соныӊ iшiнде, парламенттiк партия фракциялары басшыларыныӊ бастамасын қолдап, елiмiзде мерзiмiнен бұрын Мәжiлiс сайлауын және оған барлық деӊгейлегi мәслихат сайлауын қоса өткiзу бастамасын қолдайтынымызды айтқым келедi. Бұл өте орынды бастама деп санаймын. Өздерiӊiз бiлесiздер, өткен жылы Елбасыныӊ "100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында үлкен жұмыс атқарылды. Соныӊ iшiнде, "Атамекен" палатасы да барлық 82 заӊ жобасын әзiрлеуге атсалысып, сол заӊдарды Мәжiлiс депутаттарымен бiрге егжей-тегжейлi қарастырды. Сондықтан, ендi Ұлт жоспары аясындағы нақты жұмыстар жасалуы керек. Осындай үлкен шаралар алдында Мәжiлiс депутаттарыныӊ, партиялардыӊ сайлауға түсiп, елдiӊ ой-пiкiрiн бiлуi, мандатын алуы бiздiӊ ойымызша игi бастама және бiз бұл бастаманы қолдаймыз", - дедi палата басшысы.

А.Мырзахметов әлемдiк сын-қатерлерге төтеп беру үшiн аталған сайлауды жыл соӊына дейiн созбау керектiгiн баса айтты.

"100 нақты қадам" Ұлт жоспарыныӊ 50 қадамнан астамы экономика, соныӊ iшiнде, кәсiпкерлердi қолдауға бағытталған. Сондықтан, бiз, кәсiпкерлер, Елбасы жариялаған Ұлт жоспарыныӊ нақты орындалуына, оныӊ нәтижелерге қол жеткiзуiне мүдделiмiз. Соныӊ iшiнде, айта кетсем, Кәсiпкерлер кодексi қабылданды, кәсiпкерлер құқығын қорғайтын Бизнес омбудсмен институты бар, индустрияны дамыту, шағын және орта бизнестi қолдау, шетелден инвестициялар тарту, үкiмет пен кәсiпкерлiктiӊ бiрлескен жұмыстарын дамыту секiлдi ауқымды шаралар жоспарланған. Сондықтан, қоғам болып барлығымыздыӊ және билiктiӊ бiр саласы болып Мәжiлiстiӊ де жаӊаланып, жаӊа мандатпен осы жұмыстарға кiрiсуi орынды деп ойлаймыз. Сол себептi бiз осыған қоғамдық күштердi, барлық азаматтарды бастаманы қолдауға шақырамыз", - деп қорытты палатаныӊ басқарма төрағасы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны