03.04.2007, 11:42 1993

Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақ тау шаңғысы базасын жаңалау жұмыстары таяу уақыттарда басталады - "Capital Partners"

АЛМАТЫ. 3-сәуір. Kazakhstan Today. Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақ тау шаңғысы базасын жаңалау жұмыстары таяу уақыттарда басталады. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне нысандарды жаңалау жұмыстарының жобасын жасаған "Capital Partners" компаниясынан хабарлады.

Компанияның ақпаратына сәйкес, жобаның бірінші кезегінде шаңғышыларды Медеуден Шымбұлаққа 15 минут ішінде жеткізетін қазіргі заманғы аспалы жол орнатылады. Ол 2007-жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп межеленген. Курорттың орталық бөлігі Альпі ауылдарына айналдырылып қайта құрылады, онда SPA- орталығы мен қоғамдық демалыс орындары бар бес жұлдызды қонақ үй салу көзделген.

Жоба авторларының атап көрсетуінше, 2011-жылғы қысқы Азиялық ойындар басталғанға дейін Медеу мен Шымбұлақ әлемнің шартарабынан туристерді қабылдай алатын халықаралық тау курорттарының санатына қосылады. "Алматыдағы тау курорттарын жаңғырту жұмыстары халықаралық жобалау және әрлендіру стандарттарына сәйкес жүргізілу арқылы өз кезегінде Қазақстанға тек спортшыларды ғана емес, сонымен бірге туристерлі көптеп тартуға мүмкіндік береді",- деп хабарлайды "Capital Partners" компаниясындағылар.

Жобаны жүзеге асыруға жоба жасау, сәулет және жер реңін көркемдеу, сондай-ақ, аймақтық экологиялық даму және атқарылатын жұмыстардың қоршаған ортаға әсерін бағалау саласындағы отандық және халықаралық деңгейдегі танымал компаниялар шақырылған. Атап айтсақ, жобаның жетекші кеңесшісі міндетін "Locum Consulting" компаниясы, Медеу курортының бас жоспары мен жер реңін көркемдеу жұмыстарымен "HOK International" (Ұлыбритания) компаниясы, Шымбұлақ курортын дамытуға "Robert A.M. Stern Architects" (АҚШ) тәрізді компаниялар шақырылған. "Жаңғырту жұмыстарына қойылған басты шарт - табиғаттың бұла күйін бұзбау",- деп атап өтті жоба авторлары.

"Capital Partners" компаниясы 2001-жылы құрылған. Ол жылжымайтын мүлік саласындағы шетелдік жылжымайтын мүлік бизнесіне инвестиция салушы бірінші қазақстандық компания. Компания кеңсе, мейманхана, сауда орталықтары, тұрғын үй кешендері мен түрлі мақсаттағы ғимараттардың жобаларын дамыту және басқару іс-қызметімен айналысады. Ол Ақтау, Алматы, Астана, Атырау, Мәскеу және Стамбулдағы жобалармен шұғылдануда. "Capital Partners" компаниясының өкілдіктері Алматы, Киев, Мәскеу және Стамбулда жұмыс істейді. "Capital Partners" компаниясы басқаратын жылжымайтын мүлік саласына жұсалатын инвестицялардың көлемі 2 млрд доллардан асады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны