05.09.2006, 17:33 3880

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысында биоэтанол өндіретін зауытты ашты

ПЕТРОПАВЛОВСК. 5-қыркүйек. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Тайынша қаласында биоэтанол өндіретін "Биохим" ЖШС кәсіпорнының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл зауыт сапасы қандай да астықты өңдеп жоғары сапалы өнім шығара алады. Еліміздің индустриалдық бағдарламасында осындай кәсіпорындар көп болуға тиіс",- деп мәлімдеді Н.Назарбаев. "Мұнай мен газдың бағасы қымбаттай түсуге байланысты әлемдік нарықта этанолға деген сұраныс өсті",- деді президент.

Қазақстан Даму банкінің баспасөз қызметінен Kazakhstan Today тілшісіне хабарлағанындай, биоэтанол өндірісіне қатысты жобаның жалпы құны 94 млн. долларды құрады, соның ішінде Қазақстан Даму банкі бөлген несие $60,9 млн., Альфа-банк несиесі - $17,5 млн., "ЦентрКредитБанкі" несиесі - $5 млн. және "Биохим" компаниясының өз қаржысы - $10,6 млн. болды.

Бұл - ТМД аясындағы осындай тұңғыш зауыт. Кешен технологиясы жергілікті ауылшаруашылығы тауар өндірушілері өсірген бидайдан жоғарыоктанды отындық қоспа - "биоэтанол" (жылына 57000 тонна), азық-түлік өнеркәсібіне арналған табиғи желімтік (жылына 19000 тонна), мал шаруашылығына арналған жемдік ашытқы (жылына 40000 тонна) сынды жоғарытехнологиялық өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді. Зауыттан қосалқы өнім ретінде жылына 25600 тонна түрлі салаларда қолданылатын көмірқышқыл газы шығарылмақ. Сонымен бірге, "технологияның деңгейі мен оның икемділігі химия, мұнайхимиясы, медицина және азық-түлік өнеркәсібіне арналған басқа да түрлі өнімдер өндіруге мүмкіндік береді", дейді баспасөз қызметіндегілер.

Қазақстанда өндірілген биоэтанолды Еуроодақ елдері сатып алады деп күтілуде. Бұл елдердің заңнамасына сәйкес, жанармайға 5 проценттен кем емес мөлшерде октандық санды арттыратын биоқоспа қосылуға тиіс. Бұл өнімге ішкі сұраныс та арта түспек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны