01.04.2020, 14:50 9788

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатын азаматтардың тізімін кеңейтті

Өтініш "Электрондық үкімет" веб-порталында "Электрондық өтініш" сервисі арқылы электрондық форматта беріледі.

Алматы.1 сәуір. Kazakhstan Today - ТЖ кезінде МӘСҚ-тен төлем алатын азаматтардың тізімі кеңейтілді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезінде табысынан айырылу жағдайларына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатын азаматтардың тізімін кеңейтті және оны тағайындау шарттары жеңілдетілді.

Бірінші. Төлем алушылар шеңбері кеңейтілді.

Бастапқыда бір адамға айына 42,5 мың теңгені (ең төменгі жалақы) құрайтын әлеуметтік төлем азаматтардың келесі санаттарына төленуі керек еді:

- орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;

- жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі - ЖК);

- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі - ЖП);

- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (бұдан әрі - БЖТ).

Енді оларға:

- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету)болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын адамдар (бұдан әрі - АҚС), өздері үшін салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар кіреді.

- карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.

Екінші. ТЖ байланысты табысты жоғалту фактісін растайтын құжаттарды ұсыну қажеттілігі жойылды.

Бұрын әлеуметтік төлемдер туралы өтінішті жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін, ЖК, ЖП және БЖТ төлеушілер - өздері бере алатын. Сонымен бірге, жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде қызметті шектеуге байланысты өз қызметкерлерінің табысын жоғалтуын растайтын құжаттарды, қызметкерлердің тізімін және қызметкерлерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысын беру туралы бұйрықтан үзінді көшірмені ұсынуы керек еді.

Енді төтенше жағдай салдарынан кірісті жоғалту фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға қойылатын талаптар алынып тасталды.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін:

- жұмыс берушілер өтінішті тек қызметкерлердің тізімін қоса бере алады;

- ЖК, ЖП, АҚС және БЖТ төлеушілер жеке деректерді көрсете отырып, тек өтініш береді.

Сондай-ақ, қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады.

Сонымен бірге барлық өтініш берушілер төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты кірістерді жоғалту фактісінің дұрыстығы үшін өзіне жауапкершілік алады.

Өтініш "Электрондық үкімет" веб-порталында "Электрондық өтініш" сервисі арқылы электрондық форматта беріледі.

Үшінші. Төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қажетті қатысу мерзімі қысқартылды.

Бұрын төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесінде соңғы 12 ай ішінде кем дегенде 3 ай қатысу талап етілетін.

Енді қызметкердің (ЖК және ЖП дербес) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (АҚС үшін - БЖЗҚ-ға жарналар) соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударымдар жасауы, әлеуметтік төлем тағайындау үшін жеткілікті болады.

МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемді тағайындауға үміткер азаматтарға әлеуметтік аударымдар немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, бұны автоматты түрде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ тексереді.

Төртінші. Өтінімдерді қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 7-ден 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны