26.02.2021, 19:41 17886

ҚМГ: мұнай мен газ өндіру көлемі 2020 жылы 7,9%-ға азайды

Мұнай өндіру көлемінің азаюы ОПЕК+ келісімінің шектеулеріне, сонымен қатар байырғы кен орындарында өндіру деңгейінің табиғи жолмен төмендеуіне байланысты болды.
Нұр-Сұлтан. 26 ақпан. Kazakhstan Today - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ (ҚМГ) 2020 жылдың өндірістік нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Kazakhstan Today "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
2020 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру деңгейі 7,9%-ға азайып, 21 752 мың тонна болды. Мұнай және газ тасымалдау көлемі 6,3% және 16,3%-ға төмендеп, 73 171 мың тонна мұнай мен 86 590 млн текше метр газды құрады. Отандық және румын мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 12,2%-ға кеміп, 18 077 мың тоннаны құрады, деп хабарлады компанияда.
 
Теңіз кен орнында мұнай өндіру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 11,2%-ға кеміп, 5 292 мың тонна (тәулігіне 115 мың баррель), ал газ өндіру 9,5%-ға азайып, 2 950 млн текше метрді құрады. 
 

Мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне ОПЕК+ келісімі аясында қабылданған шектеулер айтарлықтай ықпал етті", - делінген хабарламада.

 
Қашағанда мұнай өндіру 7,2%-ға 1 253 мың тоннаға дейін (тәулігіне 27 мың баррель) өсті. Ілеспе және табиғи газ өндіру көлемі 8,3%-ға артып, 758 млн текше метрді құрады.
 

Өндіру деңгейінің ұлғаюына 2019 жылы күрделі жөндеу жұмыстарының сәтті аяқталуы септігін тигізді, оның нәтижесінде теңіз және жерүсті кешендерін пайдалану коэффициенті артты. Айдау қорының 4 ұңғымадан 6 ұңғымаға дейін ұлғаюы, мұнай технологиялық желілерінде қосымша ребойлерді орнату да мұнай өндірісінің өсуіне мүмкіндік берді. 2020 жылға жоспарланған 1 332 мың тонна мұнай көлеміндегі көрсеткіш ОПЕК+ аясында қабылданған шектеулерге байланысты орындалмады", - деп нақтылады ҚМГ баспасөз қызметінде.

 
Қарашығанақта мұнай мен конденсат өндіру 7,8%-ға ұлғайып, 1 094 мың тоннаны (тәулігіне 23 мың баррель) құрады. Газ өндіру 2 021 млн текше метр құрап, 2019 жылдың деңгейінен 8,6%-ға жоғары болды. 
 

Мұнай және газ өндіру көлемінің артуы 2019 жылдың қыркүйек-қараша айларында жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарынан кейін Қарашығанақ өңдеу кешеніне қарасты өндірістік нысандарының және Газды кешенді дайындау қондырғыларының жаңғыруына, сондай-ақ 5-ші магистралды желісіндегі жаңа газ айдау ұңғымалары іске қосылғаннан кейін жаз мезгілінде газ айдау деңгейінің өсуіне байланысты болды", - деп нақтылады баспасөз қызметінде.

 
Сонымен қатар, операциялық активтерде мұнай өндіру деңгейі 8,8%-ға 14 113 мың тоннаға дейін (тәулігіне 279 мың баррель) және газ өндіру 6,6%-ға 2 463 млн текше метрге дейін төмендеді. Мұнай өндіру көлемінің азаюы ОПЕК+ келісімінің шектеулеріне, сонымен қатар байырғы кен орындарында өндіру деңгейінің табиғи жолмен төмендеуіне байланысты болды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны