18.05.2006, 12:12 4632

Оңтүстік Қазақстан облысында тұңғыш мемлекеттік мақта өңдеу зауытының құрылысы басталды

ШЫМКЕНТ. 18-мамыр. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында тұңғыш мемлекеттік мақта өңдеу зауытының құрылысы басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Жоспар бойынша зауыт ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Кәсіпорынға арналған жабдықтар АҚШ, Түркия мен Өзбекстанның танымал өндірушілерінен сатып алынады. Бұл – мақта өңдейтін тұңғыш мемлекеттік зауыт болумен бірге мақта кластерін құруға жасалған үлкен қадам болмақ”,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Ибішев Атакент ауылында салынып жатқан зауыттың құрылыс алаңында болу барысында.

Құрылыс жұмыстары сәуірдің аяғында басталған, қазір құрылыс алаңына құрылыс материалдары жеткізілуде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мемлекеттік мақта өңдеу зауытын салу туралы шешімді үкімет былтырғы жазда қабылдаған. Кәсіпорынды салу “Азық-түлік келісім-шарты корпорациясы” АҚ-ына тапсрылды. Республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстары мен жабдықтарды сатып алуға 1,5 млрд. теңге жұмсалды. Шетелдерде өндірілген қазіргі заманғы жабдықтар Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілетін мақтаның көрсеткіштеріне сәйкес сатып алынады. Зауыт жылына 60 мың тонна шикі мақтаны өңдеп, 20 мың тонна мақта талшықтарын өндіреді. Зауыттың жанынан май экстракциялайтын комбинат пен элиталы тұқым цехы салынады.

2005-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 464 мың тонна шикі мақта жиналды.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны