08.01.2007, 10:55 2153

Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталығын салу мүмкіндігі талқылануда

ШЫМКЕНТ. 8-қаңтар. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталығын салу мүмкіндігі талқылануда, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Облысты энергиямен қамтамасыз ету үшін жаңа жылу электр орталығын салып, энергетикалық маңызы бар Ленгердің жер асты қара көмірін пайдалануға болар еді". Бұл туралы облыс әкімі мен ғылыми қауымның кездесуінде Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры Оразалы Балабеков ой тастады. Оның айтуынша, 1966-жылы осы өңірдегі жалпы барланған көмір қоры 194 млн. тоннаны құраған. Ғалымның пікірінше, "бұл көлем қуаты 400 МВт-тық қуаты бар жылу электр орталығына 130 жылға жетеді".

О.Балабековтың айтуынша, жылу шығару және күлділік қабілетіне қарай Ленгер көмірі Қарағанды мен Екібастұз көмірінен әсте кем түспейді. "Біздің көмірдің бір ғана кемшілігі бар , ол - жоғары ылғалдылығы. Дегенмен жылу электр станцияларында көмір қойыртпақ- қоспа түрінде жағылып жатқан қазіргі сәтте оның мәні аз",- деді ол.

Облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев бұл идеяға қызығушылық танытты. "Шын мәнінде облыста 400 МВт электр қуаты жетпейді. Сол себепті де бұл тақырып аса қызғылықты",- деді ол. Егер ғалымдар техникалық -экономикалық негіздемесін әкеле алса, әкім инвестор тартуға кепілдік беретінін айтып сендірді. "Егер техникалық -экономикалық негіздемесі болса, өз басым осында инвестор тартуға дайынмын. Бұл аса маңызды мәселе. Кәсіпкерлер осындай қуатты жылу электр орталығын салу жолдарын қарастырып жатыр. Ал банктер қаржы бөлуге дайын. Біз тек техникалық -экономикалық негіздемесін таныстырсақ жетеді",- деді Ө.Шүкеев.

Ленгердегі көмір кеніші өткен ғасырдың 60-шы жылдарында консервацияланған болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны