11.10.2016, 13:07 4722

Оӊтүстік Қазақстан облысында жоғары сапалы "Түркістан" мақта сұрыбы шығарылды

Түркістандық мақташылар биыл 17 мыӊ тонна шитті мақта жинауға ниетті. Қала әкімініӊ орынбасары Т.Мұсаевтыӊ айтуынша, Түркістанда өткен жылы 3500 гектар жерге мақта егілсе, биыл бұл көрсеткіш 6600 гектарға дейін ұлғайған.

Шымкент. 11 қазан. Kazakhstan Today - Оӊтүстік Қазақстан облысында жоғары сапалы "Түркістан" мақта сұрыбы шығарылды. Мұндай жаӊалық Түркістанда дәстүрлі түрде өтетін "Ақ керуен" мақта терімі шарасы кезінде айтылып, жұртшылыққа таныстырылды, деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімініӊ баспасөз қызметі.

Осылайша, Қарашық ауылдық округіндегі "Тұран" шаруа қожалығында өткен жиынға келген қатысушылар, алдымен, мақта алқаптарын аралаудан бастады.

Биология ғылымдарыныӊ докторы A.Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы ғылымдарыныӊ кандидаты И.Илиев сорттардыӊ ерекшеліктері туралы әӊгімелеп берді. Ерекшелігі сол, бұл мақта талшығыныӊ ұзындығы кәдімгі сұрыптағы мақтаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Яғни, "Түркістан" мақтасыныӊ талшығы 4-үлгіге жатады. Мақтаныӊ бұл түрі тоқыма өнеркәсібінде кеӊінен пайдаланылады. Енді түркістандық кәсіпкерлер оӊтүстіктегі тоқыма кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтуға толық кепілдік бере алады.

Айта кетейік, түркістандық мақташылар биыл 17 мыӊ тонна шитті мақта жинауға ниетті. Қала әкімініӊ орынбасары Т.Мұсаевтыӊ айтуынша, Түркістанда өткен жылы 3500 гектар жерге мақта егілсе, биыл бұл көрсеткіш 6600 гектарға дейін ұлғайған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, миллионға жуық оӊтүстік-қазақстандық, ал бұл ОҚО халқыныӊ үштен біріне шамалас, мақта өсіруден түсетін табысқа сүйенеді.

Мақтаны технологиялық күтіп-баптау - айтарлықтай көп еӊбекті қажет ететін процесс. Ол егісті жинаумен аяқтала қоймайды. Жұмыстыӊ алғашқы кезеӊі - алаӊды егістікке мелиорациялық даярлау мен соӊғысы - топырақты арамшөптер мен зиянкестерден өӊдеуге дейінгі аралықта кем дегенде 15 аралық кезеӊ бар. Онсыз сапалы өнім алу мүмкін емес.

Қазір ОҚО-да мақта саласына инновациялық әдістерді енгізіп, қолмен жинау көлемін қысқартуға тырысып бағуда.

Еӊ өзекті түйткіл - бұл топырақ мелиорациясы. Барлық мақта егуші аудандардағы жер орташа және әлсіз тұздалған. Олар өнімділікті орташа алғанда 5-6% төмендетеді. Тағы бір түйткіл бар - тұқым шаруашылығы.

2013 жылы мақта өсіру бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы көктемгі дала жұмыстарына 1 млрд. теӊге бөлінді. Бұл "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-ныӊ баспасөз қызметініӊ мәліметі.

Аталған қаражат мақта өсіру бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендіру жолымен іске қосылды.

2012 жылы мұндай жұмыс несиелеу желісін ашу бойынша "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-мен келісім-шарт жасасқан "Ырыс" шағын несие ұйымы арқылы жүргізілген. Жалпы алғанда қор 349,3 млн. теӊге көлемінде сегіз транш аударған болатын. Бұл қаржыға "Ырыс" ШНҰ 617 түпкі қарыз алушы шағын несие алып, кесте бойынша қарыз толығымен қайтарылды.

Мақта әлемніӊ 70-ке жуық елінде өндіріледі, оныӊ аумағы тропиктік және субтропиктік елдермен шектелген 47 солтүстік ендік пен 35 оӊтүстік ендікте таралған. Мақта-шикізатын өндіруші жетекші мемлекеттер: Қытай, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан, Бразилия т.б. Еӊ көп мақта егістік алқабы Үндістанда - 10 млн. га, ал Қытайда - 6, АҚШ-да - 5,8, Пәкістанда - 3, Өзбекстанда - 1,4 және Бразилияда - 1,3 млн. га. Ир жылдық мақта талшығы өндірісі Қытайда - 6,7 млн. т жуық, АҚШ-да - 5,4, Үндістанда - 2,7, Пәкістанда - 2,19, Өзбекстанда - 1,25 және Бразилияда - 1,24 млн. т құрайды. Бұл елдердіӊ үлесіне әлемдегі 87% мақта талшығы өндірісі тура келеді.

Қазақстан мақта шаруашылығы бойынша дүние жүзіндегі солтүстік елдер қатарына кіреді. Сондықтан мақта өнімін өндіруде еӊ тәуекелді ел болып есептеледі. ОҚО негізінен ортаталшықты мақта сортын өсіруге мамандандырылуда.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны