12.06.2006, 12:00 2466

Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы республикалық бюджеттен дихандарға жанар-жағармайдың бағасын арзандату үшін бөлінетін қаржыны игере алмай қалу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіруде

ШЫМКЕНТ. 12-маусым. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы республикалық бюджеттен дихандарға жанар-жағармайдың бағасын арзандату үшін бөлінетін қаржыны игере алмай қалу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Қазіргі жағдаймен жанар-жағармайға субсидия алуға 39 мың ауылшаруашылығы құрылымдары, басқаша айтқанда, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің тең жартысынан астамы өтініш білдіріп отыр. Алайда, олардың басым бөлігі зейнетақы қорларына берешек болуға байланысты субсидия ала алмай қалатын түрі бар”,- деді Kazakhstan Today тілшісіне берген түсініктемесінде облыстық ауылшаруашылығы департаменті директорының орынбасары Қанатбек Оспанбеков.

“Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қарызды қайтаруға дайын. Бірақ олар қандай қорға, қандай есепшотқа аудару қажеттігін белмейді, - дейді Қ.Оспанбеков. – Бір кезде олардың қарамағында жұмыс істеген адамдардың басым бөлігі жан-жаққа тарап кеткен. Көпшілігі зейнетақы қорларымен келісімге отырмаған. Зейнетақы төлемдері жинақтала келіп, берешекке анйалған, ал қазір субсидия алу үшін берешекті қайтару қажет болып отыр”.

Сонымен бірге жергілікті ауылшаруашылығы тауар өндірушілері жер телімінің көлемі шамалы (3-5 гектар) болуға байланысты субсидия алуға құжаттарын өткермейді, санаулы тиын-тебен үшін құжат жинап уақыт ұттырғысы келмейді.

Соның салдарынан республикалық бюджеттен ауылдық дихандарға жанармайға субсидия ретінде беруге бөлінген 672 млн. теңгенің қазіргі жағдаймен 47 млн. теңгесі ғана таратылды.

Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылығы департаменті ҚР ауылшаруашылығы министрлігіне дихандарға субсидия бөлу тәртіптерін өзгертуді өтініп, хат жолдады. Онда субсидияларды бөлуде зейнетақы берешектерін ескермеу ұсынылған.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, биыл республика үкіметі
ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия бөлудің жаңа тәртібін енгізген. Егер бұған дейін фермерлер жанар-жағармайды тікелей арзандатылған бағаға алып келсе, қазір оларға егін егілген алқаптың аумағына және агротехникалық ерекшеліктеріне байланысты ақшалай субсидия бөлінуде. Мәселен, мақташылар үшін бір гектарға 1940 теңге төленеді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны