18.03.2008, 14:42 6653

Орталық Манчестер университеті Оңтүстік Қазақстан облысына тоқыма өнеркәсібі мамандарын оқытуға жәрдемдеседі

Орталық Манчестер университеті Оңтүстік Қазақстан облысына тоқыма өнеркәсібі мамандарын оқытуға жәрдемдеседі

Шымкент. 18 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті мен Орталық Манчестер университетінің өкілдері өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бұл меморандумға қол қою тоқыма өнеркәсібіне арнап мамандар дайындаудың білім беру жүйесін жетілдіру мен "Оңтүстік" арнаулы экономикалық аймағын дамытуға түрткі болады деп ойлаймын", -деді Орталық Манчестер университетінің проректоры Ричард Мюррей.

"Оңтүстік" арнаулы экономикалық аймағы МБ директорының орынбасары Нармұхан Сарыбаевтың түсіндіруінше, "меморандумда екі мәселе қарастырылған. Біріншісі - арнаулы экономикалық аймағын дамытуға қолдау көрсету үшін Англиялық мамандар тарапынан ақыл-кеңес беру арқылы тоқыма өнеркәсібі саласының бәсекелестік қабілетін көтеру, екіншісі - білім беру жүйесін жетілдіру".

Өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға Шымкентте кеше Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі мен "Оңтүстік" арнаулы экономикалық аймағы дирекциясы" Мемлекеттік басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған "Тоқыма кластері кәсіпорындарына арнап мамандар дайындау: қазіргі ахуал, проблемалар және оларды шешу жолдары" тақырыбындағы семинар-кеңес аясында қол қойылды.

Семинарға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, тоқыма өнеркәсібіне арнап мамандар дайындайдын Қазақстандық жоғары оқу орындарының, Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін тоқыма кәсіпорындарының, Арнаулы экономикалық аймақ аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлаған компаниялардың, тоқыма өнеркәсібі жабдықтарын өндіруші жетекші компаниялардың, тоқыма кластеріне арнап мамандар дайындаушы шетелдік жоғары оқу орындары - Ұлыбританияның Орталық Манчестер университеті мен Ташкенттегі тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институтының, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық мектептердің өкілдері қатысты.

Семинарды ұйымдастрыушылардың хабарламасында атап көрсетілгеніндей, қазірде Қазақстан аумағында тоқыма өнеркәсібіне арнап мамандар дайындаумен шұғылданатын үш жоғары оқу орны бар. Олар: Алматы технологиялық университеті, Оңтүстік Қазақстан облыстық М.Иуезов атындағы мемлекеттік университет, Тараздағы М. Х. Дулати атындағы университет.

Барлық жоғары оқу орындары мен арнаулы орта білім беретін оқу орындары жаңа халықаралық оқыту стандарттарына көшкенімен, іс жүзінде мамандарды ескірген оқыту стандарттары бойынша оқытады, бұл жайт қажетті оқыту материалдарының жоқтығына, ғылыми-техникалық базаның ескіруіне, инженерлік-педагогикалық мамандардың тапшылығына, материалдық-техникалық базаның осалдығына, өндірістік кәсіпорындармен және тоқыма кластеріне қатысушы басқа да тараптармен арадағы байланыстың жоқтығына тікелей байланысты.

Сонымен бірге, тоқыма өнеркәсібінің мамандары тапшы. Мәселен, 2008 жылы аталған үш жоғары оқу орны инженерлік мамандықтар бойынша 284 маманды ғана дайындап шығарады. Бұған қоса Шымкенттегі №5 кәсіптік мектеп жыл сайын 150 астам арнаулы орта білімді мамандарды оқытып шығарады.

Алайда, арнаулы экономикалық аймағының аумағында жүзеге асырылатын жобалар мен аталған кәсіпорындардың бизнес-жоспарларын ескергенде, "Оңтүстік" арнаулы экономикалық аймағының тоқыма және жеңіл өнеркәсібі мамандарына деген сұранысы қазіргі таңда 1439 адамды құрап отыр. Соның ішінде жоғары білімі бар 89 маман, орта білімі бар 1350 маман қажет.

Арнаулы экономикалық аймағынла инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастағанда және олар толық қуатына жететін 2012 жылы мамандарға деген сұраныс 7-8 мың адамға жетпек, оның 400-і инженерлік-техникалық қызметкерлер, 6,6 - 7,6 мыңы - жұмысшылар болмақ.

Бұған қоса, қазір Қазақстанда тоқыма және тігін өнеркәсібінің 600 кәсіпорны жұмыс істейтінін және оларға да сала мамандары қажет екенін ескеру керек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны