10.11.2020, 18:37 5819

Осы жылдың 10 айында жедел мәлімет бойынша ЖІӨ 2,9%-ға азайды

Бұл ретте қызмет көрсету өндірісі 6,1%-ға төмендеді

Алматы. 10 қараша. Kazakhstan Today - Жаһандық экономиканың баяулағанына қарамастан, нақты сектор қайта қалпына түсіп келеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 10 қарашада өткен үкімет отырысында хабарлады.

"Қазіргі таңда жаһандық экономикада мынадай жағдайлар байқалуда: жаһандық экономика мен саудада белгісіздік сақталып отыр. Халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары бойынша 2020 жылға жаһандық экономикада өсім қарқынының төмендеуі минус 4,4%-дан минус 7,6%-ға, ал жаһандық саудада минус 7%-дан минус 10,6%-ға дейін бағалануда",- деп мәлімдеді ол.

ҚР ҰЭМ мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың 10 айы бойынша: тау-кен емес секторға инвестиция көлемі артты, нақты секторда өсім сақталып келеді, қызмет көрсету секторы тұрақталды және экономиканы несиелендіру артып келеді.

"Осы жылдың 10 айында тауар өндіру 1,9%-ға өсті. Бірақ, бұл ретте қызмет көрсету өндірісі 6,1%-ға төмендеді. Нәтижесінде, жедел мәлімет бойынша ЖІӨ 2,9%-ға азайды. Жылдық инфляция 7,1%-ды құрады", - деді министр.

Сондай-ақ, ол нақты сектор салаларының барлығына жуығы және қызметтердің жекелеген түрлері оң өсім қарқынын көрсетіп келе жатқанын атап көрсетті. Бұл құрылыс (10,7%-ға өсім), ақпарат және байланыс (8,2%-ға), ауылшаруашылығы (5,2%-ға), өңдеу өнеркәсібі (3,2%-ға) салалары.

Сонымен қатар, көлік (17,3%-ға) пен саудада (9,4%-ға), ғылыми және техникалық қызметте (5,2%-ға), жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда (4,6%-ға), әкімшілік қызмет көрсетуде (4,4%-ға) төмендеу байқалады.

"Тау-кен емес секторға инвестиция, экономиканы несиелендіру, нақты экономика өсімі және қызмет көрсету саласының төмендеуін тұрақтандыру - 10 ай қорытындысының базалық факторлары болды. Яғни 10 айда тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестиция 14,7%-ға өсіп отыр", - деп мәлімдеді Дәленов.

Осылайша, инвестицияның қомақты көлемі тұрғын үй құрылысына тартылған, яғни бұл 1 472 млрд. теңге немесе 30%-ға өсім, көлікке - 959 млрд. теңге (8%-ға өсім), өңдеу өнеркәсібіне - 661 млрд. теңге (11%-ға өсім), ауылшаруашылығына - 413 млрд. теңге (8%-ға өсім) тартылған.

"Өңдеу өнеркәсібі салаларында жедел өсім жүрді. Атап айтар болсақ, фармацевтика 40%-ға, жеңіл өнеркәсіп - 16%-ға, машина жасау - 17%-ға, автомобиль өнеркәсібі - 54%-ға дейін жеделдетілді", - деп атап көрсетті министр.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны