27.10.2006, 15:40 3594

Павлодар химиялық зауытының бұрынғы қызметкерлері мерзімсіз аштық жариялайтындарын хабарлады

ПАВЛОДАР. 27-қазан. Kazakhstan Today. Павлодар химиялық зауытының басым көпшілігі кәсіби дертке шалдыққан бұрынғы қызметкерлері 30-қазанда мерзімсіз аштық жариялайтындарын мәлім етті ,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлерінен құралған бастамашыл топтың жетекшісі Надежда Бойконың айтуынша, шара тікелей зауыт ғимаратында өтеді. "Икімшіліктің алдында аштық жариялауға бізге ешкім рұқсат бермейтіні белгілі. Сол себепті біз денсаулығымыздан айрылған өз зауытымызға барамыз",- деді ол.

Павлодар химиялық зауытының бұрынғы қызметкерлері республика үкіметінен кәсіпорынның мүлік кешенін сатуды жеделдетуді сұрайды. Бұл жұмыстың ұзаққа созылып кетуі салдарынан адамдар бір жарым жылдан астам уақыттан бері денсаулығынан айрылуға байланысты өтемақыны ала алмай жүр. Н.Бойконың айтуынша, "зауыттың бұрынғы қызметкерлерінің басым бөлігі ауыр науқас адамдар және тұрақты емдеуді қажет етеді".

Аса қауіпті сынап электролизі цехтарында істеген 70-тен астам адам аштық жариялауға қатыспақшы. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, сынаптың ағзада, әсіресе буындарда жиналуынан зауыттың бұрынғы қызметкерлерінің арасында қозғалыс-тірек аппараты, жүрек-қан тамырлары және орталық жүйке жүйесінің ауыр дерт түрлері байқалуда. Н.Бойконың айтуынша, "сынап электролизі цехының анод учаскесінің бұрынғы жұмысшысы Аманжол Жарақбаевтың қазасы адамдардың төзімін тіптен тауысты".

Оның айтуынша, қазір "Павлодар химиялық зауыты" АҚ-ның кәсіби дертке шалдыққандардың тізімінде 74 адам бар. Кәсіби дертке шалдыққандарға денсаулығынан айрылуға байланысты өтемақы төлеу 2005-жылдың шілде айында тоқтатылған. "Банкрот деп жариялау процедурасын өткізу және зауыт активтерін жаңа қожайынға табыс ету тәртіптеріне сәйкес, бірінші кезектегі кредиторларға 70 жасқа дейін жәрдемақы төленуге тиіс",- деді Н.Бойко. Нәтижесінде зауыттың адамдарға төлеуге тиіс берешегі 119 млн. теңгеге жеткен.

"Павлодар химиялық зауыты" АҚ-ның конкурстық басқарушысы Вильгельм Франц мырзаның айтуынша, зауыттың мүлік кешенін сататын жаңа мерзім әзірге жарияланған жоқ. "Мәселенің түп-тамыры мынада: үкімет қаулысының мәтініне орындауға келмейтін нәрсе қамтылып кеткен,- деді ол. - Болашақ қожайын бес валентті күкіртті фосформен жұмыс істеуге лицензиясы болуға тиіс деген талап бар. Ал Павлодар химиялық зауыты үшін бес валентті күкіртті фосфор өндірісі басымдыққа жатпайды",- деді ол. В.Францтың айтуынша, сауда-саттықтың жүргізілмеуіне бұрынғы химиялық зауытты қалпына келтіру жөнінде бағдарлама әкелген компаниялардың арасынан "Реагент-Восток" ЖШС ғана қажетті лицензияға ие. Конкурстық басқарма тіпті қазан айының басында үкіметке Павлодар химиялық зауытының мүлік кешенін сату тәртіптерін қайта қарау қажеттігі жөнінде өтініш жолдаған, дейді В.Франц.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны