30.09.2008, 13:17 2804

Павлодар мұнай өңдеу зауыты акцияларының бақылау пакетін мемлекеттік меншікке қайтару саудасы екі аптаның ішінде аяқталады - Кәрім Мәсімов

Павлодар мұнай өңдеу зауыты акцияларының бақылау пакетін мемлекеттік меншікке қайтару саудасы екі аптаның ішінде аяқталады - Кәрім Мәсімов

Астана. 30 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Павлодар мұнай өңдеу зауыты акцияларының бақылау пакетін мемлекеттік меншікке қайтару саудасы екі аптаның ішінде аяқталады. Бұл туралы республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бүгін парламентте өткен үкіметтік сағатта мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Біз Қазақстан аумағында жұмыс істейтін барлық мұнай өңдеу зауыттарының жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесін ұлғайтуға қол жеткіздік", -деп мәлімдеді Кәрім Мәсімов.

"Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында бақылау қоржынына иелік етеміз, ал алдағы екі аптада Павлодар мұнай өңдеу зауыты акцияларының бақылау пакетін мемлекеттік меншікке қайтару саудасын аяқтаймыз. Яғни, барлық үш зауыт түрлі дәрежеде мемлекеттің бақылауында болады",- деді ол.

"Біз қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін осындай саясат жүргізетін боламыз. Осынау маңызды фактор мемлекетке бұдан былай баға саясатына тікелей әсер етуге және нарықтық механизмдерді пайдалана отырып ресурсқа иелік етуші монополистерді тікелей бақылауға мүмкіндік береді ", -деді ол.

Сонымен бірге, премьер "мемлекет тарапынан жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруға қатаң шаралар қолданылғанын және олар жалғасын табатынын" атап өтті. "Негізгі мұнай өнімдері түрлерін Қазақстан аумағынан тысқары шығаруға жыл басында салынған тыйым мерзімі 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін созылды", -деді Кәрім Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны