31.10.2006, 11:24 6739

Павлодар облысының әкімі химиялық зауыттың бұрынғы жұмысшыларына берешекті өтеуге уәде берді

ПАВЛОДАР. 31-қазан. Kazakhstan Today. Павлодар облысының әкімі химиялық зауыттың бұрынғы жұмысшыларын аштық жариялаудан бас тартуға көндіріп, оларға берешекті өтеуге уәде берді. Бұл туралы "Павлодар химиялық зауыты" АҚ-ның конкурстық басқарушысы Вильгельм Франц журналистерге хабарлады.

"Облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов кәсіби дертке шалдыққан жұмысшылардың әрқайсысына таяу уақыттарда 150 мың теңгеден төлеуге уәде берді",- деді В.Франц. "Зауыттың мүлік кешенін сату процедурасының созылып кетуіне байланысты туындаған күрделі ахуалды еңсереуге мүмкіндік туды",- деді ол.

"Сауда-саттық жүзеге асырылғанға дейін бірінші кезекті кредиторларға тым құрыса жарым-жартылай болса да өтемақы төлеу үшін зауыт облыс әкімінің тікелей кепілдік беруімен 15 млн. теңге көлемінде несие алды,- деді В.Франц, - Ақшаны бір ірі кәсіпорын бөлді". Сонымен бірге конкурстық басқарушының айтуынша, ауыр науқасқа шалдыққан екі адамды емдеу үшін облыс әкімінің арнайы гранты бөлінді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Павлодар химиялық зауытының басым көпшілігі кәсіби дертке шалдыққан бұрынғы қызметкерлері 30-қазанда мерзімсіз аштық жариялайтындарын мәлім етті. Аса қауіпті сынап электролизі цехтарында істеген 70-тен астам адам аштық жариялауға қатысуға ниет білдірген. Павлодар химиялық зауытының бұрынғы қызметкерлері республика үкіметінен кәсіпорынның мүлік кешенін сатуды жеделдетуді сұрайды. Бұл жұмыстың ұзаққа созылып кетуі салдарынан адамдар бір жарым жылдан астам уақыттан бері денсаулығынан айрылуға байланысты өтемақыны ала алмай жүр.

Кәсіби дертке шалдыққандарға денсаулығынан айрылуға байланысты өтемақы төлеу 2005-жылдың шілде айында тоқтатылған. "Банкрот деп жариялау процедурасын өткізу және зауыт активтерін жаңа қожайынға табыс ету тәртіптеріне сәйкес, бірінші кезектегі кредиторларға 70 жасқа дейін жәрдемақы төленуге тиіс. Нәтижесінде зауыттың адамдарға төлеуге тиіс берешегі 119 млн. теңгеге жеткен.

Зауыттың мүлік кешенін сату шарасы бәсекелестіктің болмауына байланысты бірнеше мәрте кейінге шегерілген. Үкімет бекіткен ережеге сәйкес, болашақ қожайын бес валентті күкіртті фосформен жұмыс істеуге лицензиясы болуға тиіс деген талап бар. "Ал Павлодар химиялық зауыты үшін бес валентті күкіртті фосфор өндірісі басымдыққа жатпайды",- деді "Павлодар химиялық зауыты" АҚ-ның конкурстық басқарушысы Вильгельм Франц. Оның айтуынша, сауда-саттықтың жүргізілмеуіне бұрынғы химиялық зауытты қалпына келтіру жөнінде бағдарлама әкелген компаниялардың арасынан бір ғана компания қажетті лицензияға ие. Конкурстық басқарма қазан айының басында үкіметке Павлодар химиялық зауытының мүлік кешенін сату тәртіптерін қайта қарау қажеттігі жөнінде өтініш жолдаған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны