11.06.2007, 11:05 1532

Петербург саммитінде ҚР ЭМРМ бірқатар сәтті келіссөздер жүргізді

АСТАНА. 11-маусым. Kazakhstan Today. ХІ Петербург халықаралық экономикалық форумға қатысып жатқан Қазақстан Республикасы энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов бірқатар маңызды әрі сәтті келіссөздер өткізді. Келіссөздерге Қазақстан жағынан министрліктің мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры Нұрлан Ноғаев пен "ҚазМұнайГаз" ҰК-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдин қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Б.Ізмұхамбетов Болгарияның даму министрі Гагаузов Арсенмен және Грецияның даму министрі Димитрис Сиоуфаспен кездесіп, келіссөз барысында Қазақстан Республикасы үшін қазіргі таңдағы ең көкейкесті мәселелердің бірі - еліміздің "Бургас - Александруполис" құбыр құрылысының жобасына қатысуы мәселелері талқыланды. Министр кездесуге оң баға беріп, Қазақстанның келіссөздерді одан әрі жемісті жалғастыруына толық негіз бар екенін айтты.

Естеріңізге сала кетсек, 2007 жылғы 15 наурызда Ресей, Греция және Болгария Бургас - Александруполис құбыр құрылысы туралы келісімге қол қойған болатын. Осы келісімді үш елдің парламенттері ратификацияласа, құбыр құрылысы басталатыны хабарланған болатын. Құбырдың ұзындығы 285 шақырым. Ол Греция мен Болгария аумағы арқылы өтіп, Босфор мен Дарданелл бұғазын босатуы тиіс. Жобаның 51 пайызын Ресей, 24,5 пайыздан Греция мен Болгария алады деп жоспарланған. Жобаның құны 900 млн доллар. Тасымал қуаты жылына 35 млн тонна, жылына 50 млн тоннаға дейін жеткізуге болады.

Ертеректе министрлік хабарлағандай, КҚК құбырын кеңейту Бургас - Александруполиспен қатар жүргізіледі. Қазақстанның ұстанымы осы жобадан өз үлесін алу, себебі бұл жүйе бойынша қазақ мұнайы тасымалданбақ.

Сонымен қатар Петербург форумында Б.Ізмұхамбетов РФ өнеркәсіп және энергетика министрі Виктор Христенкомен кездесті. Кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастық, КҚК құбыр жүйесін кеңейту және Қазақстанның Бургас - Александруполис құбырының құрылысына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Энергетика және минералдық ресурстар министрі Б.Ізмұхамбетов индустрия және сауда министрі Г. Оразбақовпен бірге Польшаның экономика министрі Петр Возьнякпен кездесіп, екі ел ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.

Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу мәселесін талқылаған келіссөзде Еуроодақтың сыртқы сауда жөніндегі комиссары Питер Мэнельсонмен кездесіп, энергетикалық сұрақтарды пысықтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны