19.01.2007, 16:25 3050

Премьер-министр қаржы министрлігінің басқару жүйесін автоматтандыруға арналған бюджет қаржысының жұмсалуына көңілі толмайтынын білдірді

АСТАНА. 19-қаңтар. Kazakhstan Today. Бүгін қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде республиканың үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қаржы министрлігінің басқару жүйесін автоматтандыруға арналған бюджет қаржысының жұмсалуына көңілі толмайтындығын мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Мен органды автоматтандыруға арналған бюджет қаржысының қалай жұмсалып отырғанына аса наразылығым бар", - деді К. Мәсімов. "Айтудай-ақ айтамыз, ақша бөлеміз. Бірақ оның өткен жылы қалай жұмсалғандығы өз алдына бөлек әңгіме, оған кім кінәлі екендігі жөнінде біз министрмен жеке отырып әңгімелесеміз",- деді ол.

Үкімет басшысы өзінің "электрондық қаржы министрлігінің концепциясына жалпы көңілі толмайтынын" айтты. К. Мәсімовтің пікірінше қаржы министрі Наталья Коржова "өте әдемі таныстыру рәсімін" өткізген, бірақ нақты жұмыс істелінбеген. "Сізден бұл мәселеге жеке өзіңіз бақалау жасауыңызды сұраймын. Мен, премьер-министр ретінде, барлық қажетті жағдайды жасаймын, бірақ нақты нәтиже болсын",- деді ол қаржы министрлігінің басшысына арнап айтқан сөзінде. Сондай-ақ, К. Мәсімов "ақпараттандыру мәселесі қаржыны игеруді меңземейді, ол салықшылардың, кеденшілер мен қаржы министрлігінің басқа да өкілдерінің жұмыс тиімділігіне қаншалықты әсер еткендігімен өлшенеді", деп атап өтті.

Ол, сондай-ақ, республикада салықты азайту және жеңілдіктерді жою қажеттігін атап өтті. "Біз бірінші қабылдаған Салық кодексінен тамтық та қалмады. Онда жеңілдіктерден өзге түк жоқ. Жалпы мен салықты азайту мен жеңілдіктерді мүлдем жою жағындамын",- деді үкімет басшысы.

Сонымен қатар, алқа мәжілісінде К. Мәсімов республикадағы мүлікті заңдастыру барысына шара аяқталғанға дейін, яғни үстіміздегі жылдың 1-сәуіріне дейін өзі жетекшілік ететіндігін хабарлады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны