Ресейдің үздік кәсіпкері неліктен Қазақстанда жел стансаларын сала алмай отырғанын түсіндірді
Астана. 15-ақпан. Kazakhstan Today - Қазақстанда арнайы заңдардың болмауына байланысты кәсіпкерлер жел стансаларын сала алмай отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.
Бұл туралы кәсіпкер Серікбай Бисекеев хабарлады.
С.Бисекеев Ресейде 2012 жылдың ең үздік кәсіпкері атанған. Қазақстанда туып-өскен бизнесмен "ARMAN" корпорациясының негізін қалаушы болып табылады. Оның құрамына 2011 жылы құрылған ұлттық жел энергетикасын дамытуға үндейтін "KazWindEnergy" компаниясы енеді.
Кәсіпорын Арқалық қаласында станса салуды жоспарлаған, алайда мемлекеттегі сәйкес заңдардың болмауы себебінен құрылыс жұмыстары басталмай отыр.
"Біз Арқалықта жобаны іске асыруға тырысып жатырмыз. Мемлекеттік сараптамадан өттік, дегенмен заңдар әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Осыған байланысты біз құрылысты бастай алмай отырмыз. Біз қауымдастық құрып, мемлекеттік органдарға хат жазып, өз мүддемізді қорғауға тырысып жатырмыз. Арнайы заңдар жоқ болса бұл бағытты қалай дамытпақсыздар деген мәселені көтерудеміз. Жел стансаларын салу міндетін Президент қойып отыр. Олар қазір бұл жұмысты қолға алды, алдағы жарты жыл ішінде заңды құруға уәде етуде", - деді С.Бисекеев.
Кәсіпкер еліміздің жастарымен өз тәжірибесімен бөлісу үшін Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы ұйымдастырған кездесуге арнайы келген.
Қостанайда туған Бисекеев Ленинград политехникалық университетін аяқтаған. 2000 жылы құрылған "ARMAN" компаниясы B2B жоғары технологиялық шешімдерді шығаруға мамандандырылған.
Өз ісін С. Бисекеев өнеркәсіпке арналған неміс байланыс құрылғыларын жеткізуден бастаған. Компания "Лукойл", "Сургутмұнайгаз", "Росмұнай", "ГазӨнеркәсіп мұнай", "Сибур" және т.б. ірі кәсіпорындарға құрылғыларды тасымалдаған.
2005 жылы жас кәсіпкер диспетчерлік байланысқа арналған құрылғының өз маркасын құруды шешеді.
Қазіргі таңда оның компаниясы технологиялар мен жүйелік ықпалдастық саласындағы әлемдік көшбасшы болып табылады.
"Біз 2020 жылы ПС-келісімшарттары білімі бойынша көшбасшы бас мердігерге айналуды көздеп отырмыз. Ондағы мақсат - Қазақстанда сапасы мен құны, білімділігі бойынша сәйкес келетін ірі жобаларды құру. Бүгінгі күні Қазақстанда мұндай сапалы компаниялар жоқ. Кеңес Одағынан қалғандары жұмыс істеп жатыр, ал жұмыс уақытылы орындалмай, бюджет қарқынды түрде өсіп жатыр", - деді С.Бисекеев.
Жақын арада бизнесмен Франкфурт пен Делиде тағы да екі ортақ компанияны құрған. Ол басты назарды Үндістан мен Оңтүстік Шығыс Азия нарығына танытып отыр.
"Алдағы үш жылдың ішінде біз көшбасшы компанияға айналып, әлемдік нарықта өзімізге тиесілі орынға ие боламыз деген ойдамын", - деп атап өтті ол.
Кәсіпкер жаңартылатын энергия көздері нарығының қазіргі таңда ең әлеуетті әрі қарқынды түрде өсіп келе жатқандығын тілге тиек ете отырып, оны елімізде дамыту дұрыс және көреген саясат екендігін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, "Болашақ энергиясы" тақырыбында өтетін "ЭКСПО-2017" Халықаралық көрмесі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.