13.07.2012, 13:20 3017

Республика өңірлерінде 2 мың шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылады

Еліміздің өңірлерінде иесіз тұрған 2 мың шақырымнан астам электр сымдары және 1 мыңдай трансформаторлық кіші стансалар мен тарату пункттері жаңғыртылады.

Астана. 13-шілде. Kazakhstan Today - Республика өңірлерінде 2 мың шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Еліміздің өңірлерінде иесіз тұрған 2 мың шақырымнан астам электр сымдары және 1 мыңдай трансформаторлық кіші стансалар мен тарату пункттері жаңғыртылады.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің ақпараты бойынша, электр таратушы ұйымдар қазіргі таңда барлық санаттағы кернеудегі шамамен 430 мың шақырымдай электр желісіне қызмет көрсетеді, сондықтан да иесіз тұрған желілер республика көлеміндегі барлық желілердің 1 пайызы жуығын құрайды. Ондай нысандар Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысында көп анықталып отыр.

Комитеттің төрағасы Арман Тұрлыбектің айтуынша, осы иесіз желілер электр қуаты сапасының төмендеуіне және техникалық шығындарға себеп.

"Мұндай желілер алыс аудандарда орналасқан және шағын елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Ешкімнің қарамағында болмағандықтан және оларға қарастырылған қызметтердің ақысы электр қуатының тарифіне енгізілмегендік, электр қуатын таратушы компаниялар бұл желілерді жөндеу және техникалық күту мәселелерін өздері шешуге мәжбүр",- деп атап көрсетті А.Тұрлыбек.

Осыған орай, желілердің техникалық жағдайына баға беру және жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін облыс әкімдіктері иесіз электр желілеріне түгендеу жұмыстарын жүргізуде.

Комитеттің электр желілерін қадағалау және бақылау басқармасының бастығы Ерболат Аманғалиев Pm.kz сайтына берген сұхбатында электр желілерін жекешелендіру және жөндеу жұмыстарын жүргізудің барысы туралы әңгімелеп берді.

"Анықталған иесіз желілер туралы мәліметтерді әкімдіктер өңірлердегі Жылжымайтын мүлік орталықтарына жолдайды, ал орталықтар өз кезегінде оларды иесіз нысандар ретінде тіркейді. Егер бір жылдың ішінде ол желілердің иесі табылмаса, әкімдіктер оларды жекешелендіреді. Нысандар коммуналдық меншікке қабылданғаннан кейін ғана барлық іс-шаралар нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүргізіледі, атап айтқанда техникалық куәландыру, одан кейін жаңғырту, жөндеу жұмыстары жүргізіледі",- дейді басқарма бастығы.

"Айта кету керек, иесіз және әбден тозығы жеткен желілерді анықтау жұмыстары электр және жылу желілерін алдағы күзгі-қысқы маусымға әзірлеу тұрғысында аса өзекті болып табылады. Қазір әкімдіктер иесіз және тозған желілерді түгендеу жұмыстарына мониторинг жүргізілуде, атқарылған жұмыстардың қорытындысы 1 қыркүйекке қарай қолымызға тиеді",- деді Е.Аманғалиев.

Ал Қазақстанның Электроэнергетикалық қауымдастығының төрағасы Шәймерден Оразалинов: "Бұл жұмыстар өңірдерле сапалы атқарылуы тиіс. Бізде ол үшін қажетті заңға бағынатын актілер мен заңнамалық база бар. Менің ойымша, өңірлерде иесіз тұрған жылу, су және электр желілерінің проблемасын 3 жылда толық шешуге болады",- деді Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

Жылдың басынан бері Қазақстанның барлық өңірінде иесіз электр желілері мен нысандарды анықтау жұмысы жүргізілді. Соның барысында иесіз 2 мыңдай электр желісі мен 1 мыңға жуық қосалқы стансалар анықталды. Қазіргі уақытта аталған энергонысандар мен желілерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны