17.04.2007, 18:35 3063

Республика үкімет басшысы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын жетілдіруді тапсырды

АСТАНА. 17-сәуір. Kazakhstan Today. Республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Жалпы алғанда бағдарламаның жобасындағы көзқарастарды қолдаймын, құжатты қайта пысықтап, үкіметтің қарауына 25-сәуірге дейін енгізуді тапсырамын",- деді К.Мәсімов үкіметтің отырысы барысында.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанда тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, онда мемлекеттік арзан тұрғын үйді таратуға қатысты жаңа тетіктер қарастырылған.

Атап айтсақ, қаржы министрлігі мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларды ай сайынғы отбасылық кіріс мөлшеріне қарай жікетуді ұсынады. Қаржы минисрі Наталья Коржованың түсініктемесі бойынша, "айлық кірісі 75 айлық есептік көрсеткіштен төмен отбасылар үшін мемлекеттік жалға берілетін баспананы әріқарай сатып алу құқығынсыз беру ұсынылған". Ал айлық кірісі 200 айлық есептік көрсеткіштен төмен отбасылар үшін мемлекеттік бюджет есебінен арзан үйлер салу, оларды ипотекалық несиелендіру және тұрғын үй құрылысына арналған жинақ ақша жүйелері арқылы тарату қарастырылған. Ал айлық кірісі 200 айлық есептік кірістен артық отбасылар баспананы нарықтық ипотекалық несиелендіру бағдарламалары бойынша сатып алуға немесе жеке меншік сектор салған үйді жалға алуға тиіс болмақ.

"Арзан үйлерді жергілікті атқарушы билік мекемелері республикалық бюджеттен алынатын бюджеттік несиелердің есебінен салып, ол айлық кірісі 75-200 айлық есептік көрсеткіш арасындағы отбасыларға ғана сатылатын болады",- деді министр. "Арзан баспананы біз тек басымдық бірілген тұрғындар санаттарына ғана, яғни, жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне ғана сатуды ұсынамыз",- деді ол.

Н.Коржованың айтуынша, бағдарлама жобасында 3,6 млн шаршы метр көлемінде арзан үй салу қарастырылған, олардың жалпы құны 205 млрд. теңге болмақ.

Қаржы министрлігі арзан тұрғын үй салуды қаржыландыру көздерінің бірі ретінде 90 млрд теңгеге "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" АҚ-ның ұзақ мерзімді ипотекалық облигацияларын шығару ұсынылуда. Қаржы министрлігінің пайымдауынша, ипотекалық облигацияларды шығару кестесі атқарушы билік органдарының арзан баспананы пайдалануға беру кестесімен тығыз байланыста болуға тиіс.

"Олар тек заңды тұлғалардың арасында ғана емес, сонымен бірге халық арасында да бөлшек саудада сатылады деп күтілуде",- деді Н.Коржова.

"Сонымен бірге "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" АҚ-ның ұзақ мерзімді бюджеттік несиелерін бюджет есебінен жеңілдетілген өсім ставкасымен беру ұсынылған. Ондағы мақсат - несиенің орташа құнын төмендету",- деді министр. "Бұл мақсаттағы қаржы 50 млрд теңгені құрамақ, ал 90 млрд. теңгеге ипотекалық облигацияларды шғару арқылы біз несиенің орташа құны жылдық 6 проценттен аспайтындай жағдайға қол жеткіземіз",- деді ол.

Қаржы министрлігі сонымен бірге зейнетақы қорларының акцияларының қосымша эмиссиясын халық арасына шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. "Бұл тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді",- деді қаржы министрі.

Н.Коржованың айтуынша, "бағдарламаның жобасында сонымен бірге "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ-ына жетңілдетілген өсім ставкасымен бюджет есебінен 20 млрд теңге көлемінде ұзақ мерзімді бюджеттік несие беру көзделген. Бұл қаржы ипотекалық несиелендіру жүйесі арқылы арзан үй алуға кірісі жетпейтін тұрғындардың басымдық берілген санаттарына алдын-ала тұрғын үй несиелерін беру үшін пайдаланылады".

"Алдын-ала тұрғын үй несиелері дегеніміз - мүлдем жаңа қаржылық құрал. Ол азаматқа тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жөніндегі келісім-шартына сәйкес міндетті түрде үш жыл ақша жинау мерзімінің аяқталуын күтпей тұрғын үй несиесін алуға мүмкіндік береді",- деді Н.Коржова.

Сонымен бірге министрлік зейнетақы жинақтарынның бір бөлігін бастапқы жарнаның өтеміне пайдалану тетіктерін жасап шығармақшы. "Бұл азаматтардың мемлекеттік бағдарламаға атсалысу мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді",- деді қаржы министрі.

"Демек, тұрғындардың басымдық берілген санаттары ипотекалық несиелендіру және тұрғын үй құрылысына арналған жинақ ақша жүйелерінің қайсыбірін пайдалануға, нәтижесінде жылдық 7-8 процент мөлшерінде проценттік мөлшерлемемен несие алып қол жетімді үй сатып алу мүмкіндігіне ие болады",- деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны