05.03.2007, 16:04 3601

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиімділігі төмен екенін анықтады

АСТАНА. 5-наурыз. Kazakhstan Today. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиімділігі төмен екенін анықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында белгілі болғанындай, 365 ауылдық елді мекендегі мектептер "Білім беретін ұйымдар желісінің мемлекет кепілдік берген нормативі туралы" үкімет қаулысымен бекітілген нормативтерге сәйкес келмейді. Мұндай мектептер Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көп шоғырланған. 1641 ауылдық елді мекенде білім беру нысандары жоқ, оның ішінде 171 ауылға норматив бойынша мектептер қажет. Барлық ауылдық мектептердің 47%-ы бейімделген үй-жайларда орналасқан.

Атырау, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ауылдық мектептерді жобалауға және салуға арналған мақсатты инвестициялық трансферттердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген бақылау іс-шаралары барысында жалпы сомасы 181,3 млн. теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 59 млн.теңге - тиімсіз, 118,4 млн. теңге негізсіз жұмсалған.

Ауылдық жиырма мектептің төртеуі белгіленген тәртіппен сараптамадан өтпеген жобалау-сметалық құжаттамасыз салынған. Бұрын қолданыста болған құрылыс материалдарын пайдалану оқиғалары анықталған. Есеп комитеті Атырау облысының Мақат ауданының Доссор кентінде мектепті жобалау кезінде құрылыс құнының жиынтық сметасы аталмыш жер 5-6 балдық сейсмикалық аймаққа жататынына қарамастан, 7-9 балды ескеріп жасалған. Осының салдарынан, бір оқушы орны 598,9 мың теңгеден 622,5 мың теңгеге өсіп шыға келген, яғни мектеп құрылысының жиынтық сметасы 28,2 млн.теңгеге артып отыр.

Есеп комитеті үкіметке білім беру және денсаулық сақтау нысандарында үй-жайлардың көлемі, жабдықтар және осы нысандардың жарақталуы үлгі жобалардың негізінде жасалуы үшін әрі құрылыс пен санитарлық нормаларға, қазіргі заманғы жалпы білім беру және денсаулық сақтау стандарттарына, денсаулықты қорғау стандарттарына қатаң сәйкес болуы үшін нысандарды жарақтаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеудің қажеттілігі туралы ұсыныс енгізді. Сонымен қатар, ауылдағы әлеуметтік саланың басқа нысандарын жобалау кезінде шығындардың негізсіз артуын болдырмау үшін бюджеттік өтінімдерді жасау процесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.

Қазіргі уақытта, республиканың ауылдық жердегі денсаулық сақтау объектілерінің 77%-ы бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 10 медициналық мекеменің 9-ы бейімделген үй-жайда орналасқан.

Есеп комитеті Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы денсаулық сақтау объектілеріне 2004 жылы мақсатты инвестициялық трансферттер шеңберінде бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген бақылаудың қорытындылары бойынша 311,4 млн. теңге көлемінде заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтады.

Сырттан тасылатын ауыз суды және ішінара ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылмаған көздерін пайдаланатын ауылдық елді мекендердегі ахуал күрделі қалпында қалып отыр. Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарының 75%-дан астамы ауыз суды орталықтандырылмаған көздерден тұтынады. Есеп комитеті Ақмола, Ақтөбе және Қостанай облыстарында жүргізген тексеру қорытындылары бойынша көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Мысалы, Ақмола облысында сумен жабдықтау объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасын жасау кезінде құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі де, сондай-ақ тізбесі де асыра көрсетілгені анықталды. Целиноград ауданының Шалқар ауылында су құбырының локальдық сметасын жасау кезінде смета артық жоспарланып, төлеу үшін 3,8 млн.теңге негізсіз ұсынылған, ал жалпы сметаның құны - 17,4 млн.теңге. Ақтөбе облысында 2004 жылы іске асырылатын сумен жабдықтау объектілерінің құрылысы бойынша жұмыс қарқыны қабылданған жоспарлардағы мерзімнен едәуір қалып отыр. Тексеру барысында облыстағы жалпы құны 568,3 млн.теңгені құрайтын 22 іс-шараның тек 7-уі ғана (жалпы құны 236,2 млн.теңге) іске асырылғаны және оның өзінде құрылыс мерзімінен және қаражатты игеру деңгейінен елеулі артта қалғаны анықталды. Орталықтандырылған түрде ауыз сумен жабдықтау объектілерін салуға және қайта жаңартуға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді игере алмаудың салдарынан аталмыш проблеманы шешудің мерзімдері кейінге шегерілуде.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде қабылданған шаралар ауылдық елді мекендерді электрлендіру мен газбен қамтамасыз етуге байланысты проблемаларды шеше алмады. 2007 жылдың бас кезінде елдің 226 ауылы орталық энергия жүйесіне қосылмаған. Осындай ауылдық елді мекендердің көбі (ауылдық елді мекендердің 8-ден 11 пайызына дейін) Қызылорда, Қарағанды және Қостанай облыстарында орналасқан. 1386 ауылдық елді мекенде (18,8 пайыз) электр желілерінің, ток трансформаторларының және басқа да жабдықтардың тозуы 85 пайыздан асады. Жергілікті билік орындары шығындарды жоспарлау кезінде бір реттік мәселелерді шешіп, кешенді проблемаларды кейінге қалдыруда.

Ауылдық аумақтардың 5,1 пайызы ғана табиғи газбен қамтамасыз етілген. Жекелеген өңірлерде ауыл ішіндегі газ құбырларын тұтынушылардың үйлеріне қосу үшін жүргізілетін монтаж жұмыстары толық жүргізілмегені анықталды. Мысалы, Атырау облысының Құрманғазы ауданында жалпы құны 158,9 млн.теңгеге жер астынан өтетін жоғары қысымды газ құбыры төселген. Газ құбырының пайдалануға берілгеніне қарамастан, тексеру кезінде Ганюшкино, Орлы, Нұржау, Приморье және Строительный кенттері жоғары қысымды газ құбырларына қосылмағаны анықталды.

Есеп комитеті ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған бюджет қаражатын жоспарлау әдістері мен игеру тетіктерін жетілдіру жөнінде Үкіметке бірқатар ұсыныстар енгізді. Ауылдық аумақтардың қазіргі проблемаларын шешу кезінде ведомстволар мен облыстар арасындағы жұмысты үйлестіруді күшейту жөнінде ұсыныс берілді.

Мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңінде 202 млрд. теңге бөлінген болатын, оның ішінде республикалық бюджеттен - 66,8 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден - 95,7 млрд.теңге, сондай-ақ бюджеттен тыс көздерден - 40,1 млрд. теңге.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны