19.03.2010, 14:12 3252

Республикалық индустрияландыру картасына Алматы қаласынан жалпы құны 410 млн долларды құрайтын 3 жоба енді

Республикалық индустрияландыру картасына Алматы қаласынан жалпы құны 410 млн долларды құрайтын 3 жоба енді

Алматы. 19 наурыз. Kazakhstan Today - Қала әкімі жанындағы Іскерлік кеңестің отырысында Алматы кәсіпкерлері Қазақстан Республикасын индустрияландыру картасына енетін инновациялық жобалардың тұсауын кесті. Республикалық индустрияландыру картасына Алматы қаласынан жалпы құны 410 млн долларды құрайтын 3 жоба енді, деп хабарлайды Kazakhstan Today қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іскерлік кеңестің отырысына қала әкімі Ахметжан Есімов, ҚР премьер - министрінің орынбасары-индустрия және жаңа технологиялар министрі Исет Исекешев, қаланың бизнес өкілдері қатысты. Күн тәртібінде "Бизнестің жол картасы - 2020" жобасын жүзеге асыру, Қазақстанның 2015 жылға дейінгі даму жолдары қаралды.

Ахметжан Есімовтың сөзі бойынша, Республикалық индустрияландыру картасына Алматы қаласынан ұсынылған 10 жобаның арасынан жалпы құны 410 млн АҚШ доллары болатын 3 жоба еніп отыр. Бұлар - "Медеу -Шымбұлақ таулы курорттарын дамыту", "Трансформаторлық подстанциялар құрылысын салу" ("Кеңсай", "Мамыр", "Новая 3А", "Қарасу"), қатқыл және сұйық дәрі- дәрмек шығарумен айналысатын өндірісті модерназациялау мен жаңалу жобалары.

Сонымен қатар тағы да қосымша 21 жоба қаралды, бұлардың құны 1,5 млрд АҚШ доллары, оның 5 - ін қала әкімі еліміздің Индустриалық даму картасына енгізуді ұсынды. Өйткені, бұларды биыл-ақ жүзеге асыруға болады. Жалпы құны 1,2 млрд АҚШ доллары болатын қалған 16 жоба кейінгі жылдары орындалады. Икім өз сөзінде аталған министрліктің бұл жобаларды да біртіндеп Индустриалық картаға енгізу қажеттігін айтты.

Кеңес барысында алматылық кәсіпкерлер 8 инновациялық жобаның тұсауын кесті әрі қала әкімдігі бұларды да Индустриалық картаға енгізулерін ұсынды. Бұлар - "ГЕГА" азық- түліктік-логистикалық орталығын құру, "Бөбек" өндірістік кешен базасы жанынан балалар тағамын өндіру, тактикалық буынға қажет радиобайланыс жабдықтарын өндіру, соя мен жүгеріні өңдеу цехының құрылысы, фланцтар шығаратын ұсталық өндірісі, жаңадан жолаушылар вагондарын шығару жобалары.

Алматыда қазіргі кезде еліміз президентінің қолдауына ие болған Алатау ауданындағы Индустриалық аймақ құру жобасы жүзеге асыру ісі басталып та кетті. Бұл жобаның Алматы қаласы үшін индустриалық- инновациялық маңызы өте зор. Сонымен қатар, аталған жоба қалада өнеркәсіп өндірісін заманауи инновациялық негізде дамытуға кең жол ашады. Соның арқасында жалпы өнім өндіру еселеп артады. Индустриалды аймақ көлемі - 345 га, бұл барлық талаптарға сай.

"Индустриалық аймақ жаңа инновациялық өндірісті жүзеге асыруға бізге кең жол ашады әрі жаңа жұмыс орындары пайда болады, осы аймаққа енген кәсіпорындар арқасында қаланың экологиясы да жақсарады",- деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Исет Исекешев өз кезегінде қаланың бизнес өкілдерін "Бизнестің жол картасы - 2020" жобасымен, Қазақстанның 2015 жылға дейінгі даму жолдарымен кеңінен таныстырып өтті.

Қала басшылығы, Іскерлік кеңес мүшелері, бизнес өкілдері "Бизнестің жол картасы - 2020" жобасын жүзеге асыруға қатысты өздерін толғандырған сауалдарды қойып, бұрынғы ИКК базасында бизнесті дамытудың аймақтық корпорацияларын құру қажеттігін де айтты.

Мәжіліс соңында жобаларды сараптау мен толықтыру үшін арнайы ғылыми - инновациялық кеңес құру туралы шешім қабылданды.

"Еліміздің барлық ғылыми потенциалы Алматыда болғандықтан, ғылыми-инновациялық кеңес біздің қалада құрылатын болады",- деп атап өтті қала әкімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны