12.05.2020, 21:46 4966

Республикалық бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 4 трлн. 340 млрд.теңгені құрады

Мемлекеттік бюджетке 2 трлн. 663 млрд.теңге кірістер (трансферттерді есептемегенде) түсті

Алматы. 12 мамыр. Kazakhstan Today - 2020 жылғы қаңтар-сәуірдегі ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы

ҚР ҰЭМ желісі бойынша

2020 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындылары бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері келесідей:

Тауарлар өндірісі 5,8%-ке өсті. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтер 4%-ке азайды. Осының нәтижесінде ЖІӨ 0,2%-ке төмендеді.

Қызметтер саласындағы төмендеу қабылданған карантиндік шектеулермен байланысты.

Жылдық инфляция 6,8%-ті құрады.

Өндіріс секторындағы өсу өңдеу өнеркәсібінің 7%-ке, кен өндірудің 6, құрылыстың 5,5% және ауыл шаруашылығының 2,2%-ке ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Сонымен бірге, қызметтер секторында көлік қызметтері 11%-ке, сауда - 8,9%, әкімшілік қызметтерді көрсету - 4% және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар - 2,7%-ке төмендеді. Бұл ретте байланыс қызметтері қаңтар-сәуірде 9,6%-ке артты.

Егер сәуірді жеке қарайтын болсақ (карантиндік ай) өткен жылғы сәуірмен салыстырғанда көрсетілетін қызметтер секторы 17,5%-ке төмендеді.

Атап айтқанда, сауда және көлік үштен бірге, әкімшілік қызмет көрсету - 22,5%-ке және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар - 9,9%-ке төмендеді. Бұл төмендеу шектеулік карантиндік шаралармен байланысты.

СЫРТҚЫ САУДА

Қаңтар-наурызда сыртқы сауда айналымы 21 млрд долларды құрады.

Экспорт 4,2%-ке ұлғайып, 13,9 млрд долларға жетті. Бұл ретте импорт 7,1 млрд долларға дейін төмендеді.

Сауда балансының оң сальдосы өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 9%-ке артты.

ӨНЕРКӘСІП

Өнеркәсіп өндірісі 5,9%-ке ұлғайды.

15 өңірде өсу байқалады. Төмендеу тек Қызылорда облысында (-9,9%) тіркелді.

Ең жоғары өсуді Қостанай (15,4%-ке) және Атырау (14,2%-ке) облыстары көрсетті.

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ

Өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі өсуде. Өсу 7%-ті құрады.

Машина жасауда (өсу 25,4%-ке), фармацевтикада (24,2%-ке), құрылыс материалдарын өндіруде (15,6%-ке) және жеңіл өнеркәсіпте (13,9%-ке) өсудің жоғары қарқындары сақталды.

Өңірлер бөлінісінде Қостанай (24%-ке), Қызылорда (20,2%-ке) және Түркістан (17,2%-ке) облыстарында жоғары өсу байқалады.

Жамбыл (-3,3%) және Ақтөбе (-4,4%) облыстарында төмендеу тіркелді.

НЕГІЗГІ КАПИТАЛҒА ИНВЕСТИЦИЯЛАР

Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша 13 өңір өсу көрсетті. Ең жоғары өсу Түркістан (49,3%-ке) және Ақмола (49%-ке) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында (44,2%-ке) байқалады.

4 өңірде төмендеу тіркелді.

ҚҰРЫЛЫС

Құрылыс 5,5%-ке ұлғайды.

13 өңірде өсу байқалады. Түркістан (28,7%-ке) және Қарағанды облыстарында (25,5%-ке) қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

4 өңірде құрылыс жұмыстары төмендеді. Бұл Ақтөбе (-12,8%) және Қызылорда (-49,7%) облыстары, Шымкент (-3,2%) және Нұр-Сұлтан (-17,4%) қалалары.

Бұл ретте отандық құрылыс материалдарының өндірісі белсенді өсуде. Оларды өндіру 15,6%-ке ұлғайды.

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ

Жыл басынан бері 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

10 өңір өсу көрсетті. Алматы (20%-ке) және Жамбыл (12%-ке) облыстарында ең жоғары өсу тіркелді.

7 өңірде төмендеу байқалды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауыл шаруашылығы өнімдері 2,2%-ке өсті.

Ауыл шаруашылығы бойынша 15 өңірде оң серпін байқалып отыр.

САУДА ЖӘНЕ КӨЛІК

Карантиндік қорғау шараларына байланысты барлық өңірде сауда төмендеді. Мұндағы негізгі үлес шағын және орта бизнеске тиесілі.

14 өңірде көлік қызметтерінің төмендегені байқалды. Төмендеу негізінен жолаушылар тасымалының азаюына байланысты.

ӨҢІРЛЕР

8 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдай келесідей. Олар - өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, көлік, сауда, инвестициялар, инфляция.

10 өңірде жақсы серпін байқалуда. 8 көрсеткіштің тек 2-3 көрсеткіші бойынша төмендеу тіркелді. Тиісінше қалған көрсеткіштер бойынша өсу байқалуда.

Қаржыландыру және кредиттеу бойынша жаңа шараларды, сонымен бірге экономикалық белсенділікті қалпына келтіру шараларын ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажет.

1. Карантиндік шараларды бірте-бірте жеңілдетуді ескере отырып, экономикалық белсенділікті қалапына келтіруді қамтамасыз ету;

2. Нұрлы жер, Нұрлы жол және Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламалары шеңберінде құрылыс жұмыстарын жандандыру;

3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізе отырып, баға өсімін болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдау;

4. "Бизнестің жол картасы 2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары шеңберінде жобаларды жылдам таңдау және мониторинг жүргізу;

5. Өңдеу өнеркәсібіндегі оффтейк келісім-шарттар және Агроөнеркәсіп кешенінде форвардтық мәмілелер тетіктері арқылы өндірісті ынталандыру.

Аталған шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

ҚР ҰБ желісі бойынша

Ағымдағы жылғы сәуірде ауқымды фискалдық және монетарлық ынталандыру аясында әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы ахуал қалпына келе бастады. Әлемнің бірқатар елдерінің біртіндеп карантиннен шығуына қарай қор алаңдары өсудің оң аймағына шықты. Наурыздағы елеулі төмендеуден кейін акциялар нарығы орташа алғанда 11-12%-ке өсті.

Ағымдағы жылғы 10 сәуірде ОПЕК+ мұнай өндірісін күніне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы келісімге келді. Бастапқыда ОПЕК+ келісімі мұнай қорының ұлғаюы және шикізатқа деген сұраныстың барынша қатты төмендеуінен қауіптену аясында шикізат нарығындағы ахуалды жақсарта алған жоқ. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы ағымдағы жылғы 22 сәуірдегі сауда-саттық барысында бір баррель үшін 15,98 АҚШ доллары болған ең төмен белгіге дейін төмендеді.

Ағымдағы жылғы сәуірдің соңында мұнайға баға белгілеу төмендеуді қайтара отырып, бір баррель үшін 25,27 АҚШ долларына жетті (жылдың басынан бастап 61,7%-ке төмендеді).

Мұнайға бағаның және әлемдік сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ төтенше жағдай режимі мен карантиннің енгізілуі Қазақстандағы экономикалық белсенділік көрсеткіштеріне әсер етті. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің (ҰЭМ СК) алдын-ала бағалауы бойынша ағымдағы жылғы 4 айда ең көп төмендеуді көлік (11%-ке) және сауда (8,9%-ке) сияқты сервистік салалар көрсетті.

Осының аясында ағымдағы жылғы сәуірдің басында іскерлік белсенділікті қолдау және экономиканы кредиттеу үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Ұлттық Банк ағымдағы жылғы 6 сәуірден бастап базалық ставканы +/- 2 п.т. дәлізімен 9,5%-ке дейін төмендетті, ал ағымдағы жылғы 27 сәуірде базалық ставканы сол деңгейде сақтап қалды.

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалдың оң дамуы және сыртқы жағдайлардың жақсаруы кезінде инфляция дәлізі ағымдағы жылы мұнай бағасының бір баррель үшін 35-40 АҚШ долларына дейін өсуі кезінде 6-8% болуы мүмкін.

Төтенше жағдай және карантин талаптарында тамақ өнімдеріне сұраныстың өсуі аясында Қазақстандағы жылдық инфляция үдеуін жалғастырды және екі ай қатарынан 2020 жылы 4-6% нысаналы дәлізден жоғары қалыптаса отырып, ағымдағы жылғы сәуірде 6,8% деңгейінде қалыптасты.

Сауда әріптестері елдерінде карантин шараларының енгізілуі нәтижесінде шектелген импортқа байланысты ұсыныстың жеткіліксіз болуы жағдайында азық-түлік тауарлары бағасының бір айдағы өсуі 1,9%-ті құрады, жылдық өсу 10,4%-ке дейін жылдамдады, бұл 2017 жылдан бастап ең жоғары мән болып табылады. Ағымдағы жылғы сәуірде көбінесе жемістер мен көкөністер - 5,6%-ке, қант - 6,2%-ке, жармалар - 3,4%-ке қымбаттады.

Сауда және сервис объектілері қызметінің тоқтатылуына байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі шамамен алдыңғы айдың деңгейінде сақталды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы жылдық көрсетуде 5,4%-ке өсті. Ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты дәрі-дәрмектер мен жеке қолданыстағы тауарлар сияқты жекелеген тауарлар бағасының өсуі ЖЖМ бағасының төмендеуімен реттелді (сәуірде бензиннің бағасы 1,3%-ке, дизель отынының бағасы 2,3%-ке төмендеді).

Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3,5% деңгейінде сақталды. ТЖ режимі қолданылған кезеңде коммуналдық қызметтер тарифтерінің уақытша төмендеуі тежеуші фактор болды.

АЙЫРБАСТАУ БАҒАМЫ

Ағымдағы жылғы сәуірде ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды. ОПЕК+ мұнай өндіруді қысқарту туралы қол жеткізген уағдаластық, акциялар нарығындағы позитивті жағдай, экономикасы дамушы елдер және мұнай экспорттаушылар валюталарының нығаюы теңге үшін оң үрдіс болды. Нәтижесінде ағымдағы жылғы сәуірде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңгеге дейін 5,2%-ке нығайды.

Карантинді ескере отырып, көптеген кәсіпорындар шектеулі режимде жұмыс істеді, бұл шетел валютасына сұраныстың төмендеуіне, нәтижесінде биржадағы сауда-саттық көлеміне әсер етті. Ағымдағы жылғы наурызбен салыстырғанда теңге-доллар жұбы валюталық сауда-саттығының көлемі 3,46 млрд. АҚШ долларынан 1,72 млрд. АҚШ долларына дейін екі есе төмендеді.

Шетел валютасына сұраныс экспорттаушы компаниялар қалыптастырған ұсыныстармен, Ұлттық қордан бюджетке кепілдендірілген трансферттерді бөлу мақсатында валюталарды сатумен, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың валюталық түсімдердің бір бөлігін міндетті түрде сатуымен толық өтелді. Ағымдағы жылғы сәуірде квазимемлекеттік компаниялар іске асырған көлем 232 млн. АҚШ долларын құрады.

АЛТЫН-ВАЛЮТА АКТИВТЕРІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚОР

Алдын-ала деректер бойынша Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері ағымдағы жылғы сәуірде негізінен алтын портфелінің өсуі есебінен 30,5 млрд. АҚШ долларына дейін 2,4%-ке немесе 0,7 млрд. АҚШ долларына ұлғайды. Бағалы металл бағасының өсуі 7% (бір унция үшін 1605 доллардан 1717 долларға дейін) болды.

Ұлттық қордың активтері бір айда 1,1 млрд. АҚШ долларына немесе 1,9%-ке ұлғайып, 58,5 млрд. АҚШ доллары болды. Активтердің өсуі (1,5 млрд АҚШ долларына) көбінесе инвестициялық кіріс есебінен акциялар нарығының наурыздағы төмендеуден кейін ішінара қалпына келуі (өсім шамамен 11%) нәтижесінде орын алды.

Халықаралық жалпы резервтер ағымдағы жылғы сәуірдің соңында 89,04 млрд. АҚШ долларына дейін бір айда 2,1%-ке ұлғайды.

ДЕПОЗИТТЕР

Ағымдағы жылғы наурыздың соңында депозиттер көлемі валюта бөлігінің есебінен жыл басынан бастап 6,6%-ке ұлғайып, 20,3 трлн. теңге болды. Шетел валютасындағы депозиттер бағамды қайта бағалаудан 15,5%-ке немесе 1,3 трлн. теңгеге өсті (бағамды қайта бағалауды ескермегенде, валюталық салымдар 1,3%-ке немесе 277 млн. АҚШ долларына төмендеді). Ұлттық валютадағы салымдар 0,2%-ке (немесе 16,4 млрд. теңгеге) аздап қысқарды.

Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 43,1%-пен салыстырғанда, ағымдағы жылғы наурызда 46,7%-ке дейін ұлғайды.

КРЕДИТТЕР

2020 жылдың басынан бастап экономикаға берілген кредиттер наурыздың соңында 3,2%-ке (немесе 440,6 млрд. теңгеге) 14,3 трлн. теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ұзақ мерзімді кредиттердің 3,4%-ке (немесе 398,6 млрд. теңгеге) 12,2 трлн. теңгеге дейін өсуі нәтижесінде орын алды. Қысқа мерзімді кредиттер 2,1 трлн. теңгеге дейін 2,1%-ке (немесе 42,0 млрд. теңге) ұлғайды.

Кредиттік тәуекелдердің өсуі аясында заңды тұлғаларға арналған теңгедегі кредиттер бойынша орташа алынған ставка ағымдағы жылғы ақпандағы 12,0%-пен салыстырғанда наурызда 12,5%-ке дейін, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша - 12,4%-ке дейін (11,8%) өсті, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,1%-ке дейін (13,4%) төмендеді.

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАР

Экономиканы қолдау шеңберінде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жалғасуда.

1. Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 30 сәуірдегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 437,9 млрд теңгеге 650 өтінім қабылдады, 308,6 млрд теңге сомасына 499 жоба мақұлдады, 158,3 млрд теңге сомасына 382 қарыз берді.

2. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін және жеке кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер 1 403 өтінім берді, 79,1 млрд теңге сомаға 397 қарыз берілді.

3. "7-20-25" бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 30 сәуірде 200,2 млрд теңгеге 17 430 өтінім мақұлданды, оның 175,2 млрд теңге сомасына 14 812 қарыз берілді. "Баспана Хит" нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 187,8 млрд теңге сомасына 23 144 қарыз берілді.

"7-20-25" бағдарламасымен қамту аясын кеңейту мақсатында Қарағанды қаласында сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнына лимит 15 млн. теңгеден 20 млн. теңгеге дейін ұлғайды.

ҚР ҚМ желісі бойынша

Ағымдағы жылғы 4 айдың қортындысы бойынша бюджеттің атқарылуының көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

КІРІСТЕР БОЙЫНША

Мемлекеттік бюджетке 2 трлн. 663 млрд.теңге кірістер (трансферттерді есептемегенде) түсті немесе жоспар 103,9%-ке атқарылды.

Республикалық бюджетке 1 трлн. 660 млрд.теңге кірістер түсті немесе жоспар 96,5%-ке атқарылды.

Салықтар бойынша жоспар 61 млрд.теңгеге орындалмады.

Оның негізгі сомалары қосылған құн (55 млрд.теңге) және корпоративтік табыс (21 млрд.теңге) салықтарының есебінен.

Жоспардың орындалмауына сыртқы нарықтағы факторлар әсер етуде.

Мәселен, тау-кен саласынан түсімдердің көлемі 17%-ке немесе 27 млрд.теңгеге азайды.

Оған негізгі экспорттық позициялар бойынша 2019 жылдың 4 айымен салыстырғанда орташа бағалардың 19%-ке және ағымдағы жылдың басынан 15%-ке төмендеуі себеп болды.

Қызмет көрсету салаларынан да түсімдер азайды.

Ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы 24 млрд.теңгеге орындалмады.

Себебі қосылған құн салығын қайтарылу сомасы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе өсті немесе 147 млрд.теңгені құрады.

Импортқа салынатын қосылған құн салығы 31 млрд.теңгеге орындалмады.

Оған үшінші елдерден әкелінетін импорт көлемінің (257 млн.долларға) қысқаруы себеп болды.

Қытайдан келетін импорттың көлемі 14,5%-ке төмендеді, яғни 252 млн.долларға.

Табиғи және басқа ресурстарды пайдаланудан түскен салықтар 17,2 млрд.теңгеге және шикі мұнайға салынтын кедендік әкету бажы жоспардан - 9,8 млрд.теңгеге асыра орындалды.

Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 119%-ке орындалып, 1 трлн. 3 млрд.теңгені құрады.

Жоспар 161 млрд.теңгеге асыра орындалды, оның ішінде 153 млрд.теңге - салықтар есебінен.

Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды.

ШЫҒЫСТАР БОЙЫНША

Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,7%-ке, республикалық 98,6%-ке, жергілікті бюджеттер 97,1%-ке атқарылды.

Республикалық бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 4 трлн. 340 млрд.теңгені құрады.

Бюджет қаражаты 62 млрд.теңгеге атқарылмады, оның 14 млрд.теңгесі үнемдеу болды.

Игерілмеу сомасы 48 млрд.теңгені құрады.

Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну, шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, сотта мемлекеттің мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарын жүргізу.

Нақтыланған бюджетте дағдарысқа қарсы шараларға 1 трлн.180 млрд.теңге қосымша қарастылды.

Бұл соманың 70%-ті жергілікті бюджеттерге "Еңбек"мемлекеттік бағдарламасы, "Ауыл-Ел бесігі", Бизнестің Жол картасы аясында кәсіпкерлердің жобаларын субсиядалауға және кепілдендіруге, агроөнеркәсіп кешенін субсиядалауға көзделген.

Барлық қажетті бюджеттік процедуралар жүзеге асырылды.

Мемлекеттік сатып алулар жеңілдендірілген процедуралар арқылы жүргізілуде.

Есепті кезеңде осы қаражаттың 29 млрд.теңгесі игерілді.

Осы шығыстардың игерілу барысы қатаң бақылауда болады.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн. 812 млрд.теңгеге игерілді.

54 млрд.теңге орындалмады.

Ағымдағы жылы өңірлерге 2 трлн. 336 млрд.теңге нысаналы трансферттер қарастырылған.

Алдын ала деректер бойынша 1 мамырға оларға 338 млрд.теңге бөлінді.

Оның 95,6%-і немесе 323 млрд.теңгесі игерілді.

Орындалмау сомасы 15 млрд.теңгені құрады.

Оның 1,3 млрд.теңгесі - бюджет қаражатын үнемдеу, 13,7 млрд.теңгесі - игерілмеу.

МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ БОЙЫНША

Өткен 4 айда камералдық бақылаумен жалпы сомасы 5 трлн. 756 млрд.теңгеге 890 мың мемлекеттік сатып алу процедуралары қамтылды.

Тексеру қорытындысы бойынша 436 млрд.теңгеге бұзушылықтардың алды алынды.

653 аудиторлық іс-шаралар жүргізілді.

Аудитпен 296 млрд.теңгеге бюджет қаражаты қамтылды.

Нәтижесінде 92 млрд.теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Анықталған қаржылық бұзушылықтардың 86 млрд.теңгесі тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен жойылды.

Жүргізілген аудиторлық шаралардың нәтижелері бойынша аудит объектілерінің қызметтерін жетілдіруге 586 ұсыныс берілді.

Олардың 432-сі орындалды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны