29.03.2012, 14:21 4607

Риддерде моноқалаларды дамыту мәселесі талқыланды

Үкіметтік жұмыс тобын басқаратын бірінші вице-премьер Серік Ахметов "Қазмырышмаш" ЖШС кәсіпорнында қала активімен кеңес өткізді. Онда моноқалаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Астана. 29-наурыз. Kazakhstan Today - Риддерде моноқалаларды дамыту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Үкіметтік жұмыс тобын басқаратын бірінші вице-премьер Серік Ахметов "Қазмырышмаш" ЖШС кәсіпорнында қала активімен кеңес өткізді. Онда моноқалаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Жақында өткен Үкімет отырысында алдағы орта және ұзақ мерзімдік кезең ішінде моноқалалардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындауды басты мақсат еткен бағдарлама жобасы ұсынылған еді. Бағдарлама аясында Экономикалық даму және сауда министрлігі моноқалаларды тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты оңтайландыруды, экономиканы әртараптандырып, моноқалаларда жұмыс орындарын көбейту үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ұсынған болатын.

Республикадағы шағын қалалардың қатарына 27 елді мекен жатады, онда 1,5 млн. адам немесе қалалардағы халықтың 16 пайызы тұрады. Шығыс Қазақстан облысында шамамен 125 мың адам тұратын Риддер, Зырян, Серебрянск және Курчатов қалалары моноқала ретінде анықталды.

Бұл қалалардағы өзекті проблема - жүйеқұраушы кәсіпорындардың ұзақ мерзімге арналған жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету және инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытудағы қиындықтарды шешу болып табылады.

2020 жылға қарай бұл қалалардағы халық саны 117,3 мың адамнан 124,7 мың адамға, ал өнеркәсіптік өнім өндірісі 257,1 млрд. теңгеден 325,7 млрд. теңгеге жетеді деп болжануда.

Кеңесте сөз алған С.Ахметов моноқалаларды дамыту өңірлік саясаттың басым бағыты болу керектігін, ал бұл өз кезегінде бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа жол ашатынын атап өтті.

Мысалға, Риддер қаласында жақын күндері көшелерге жарық тартылып, иесіз қалған нысандар сүріп тасталады, су жеткізу нысандары мен жолдар жөндеуден өтеді.

"Жоспар бойынша негізгі тіршілік нысандары толықтай қалпына келтіріледі. Риддер қаласы үшін қазір инфрақұрылымды жақсартып, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға және білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын оңтайландыруға жақсы мүмкіндік туып отыр. Бұл тек мемлекет қана атқаратын жұмыс емес екенін түсінуіміз керек, Риддерде негізгі кәсіпорын - "Қазмырыш" бар", - деп атап өтті С.Ахметов.

Кеңес соңында ШҚО әкімдігі мен "Қазмырыш" ЖШС меморандумға қол қойды, құжат аясында кәсіпорын ағымдағы жылы облыстың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін 2,6 млрд. теңге қаражат бөледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны