01.09.2015, 18:38 4515

"Самұрық-Қазына" АҚ компаниялары тобы қытай компанияларымен жалпы сомасы 5,1 млрд. долларлық келісім шарттар жасасты

Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ Қытай Халық Республикасына сапары аясында "Самұрық-Қазына" АҚ тобы компаниялары көлік, энергетика, атом, металургия мен химия өнеркәсібі салаларын қамтитын жалпы сомасы 5,1 млрд. долларлық келісім шарттар жасасты

Астана. 1 Қыркүйек. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ Қытай Халық Республикасына сапары аясында "Самұрық-Қазына" АҚ тобы компаниялары көлік, энергетика, атом, металургия мен химия өнеркәсібі салаларын қамтитын жалпы сомасы 5,1 млрд. долларлық келісім шарттар жасасты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Атап айтқанда, "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ мен Цзянсу аймағыныӊ халықтық үкіметі Люньюньган қаласыныӊ порты мен "Қорғас - Шығыс Қақпасы" АЭА-ын дамытуда стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды. Келісім бойынша көлік логистика, бағдарлы поездарды тасымалдау, "Қорғас - Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағында қойма-терминалы инфрақұрылымын дамыту жобаларын тараптар бірелесіп жүзеге асырады.

""Масальский ГОК"" ЖШС ("Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ еншілес кәсіпорны) мен Қытайдыӊ техникалық импорт пен экспорт жөніндегі ұлттық корпорациясы Ақмола облысындағы Масальское темір кенішінде тау-кен металургиялық кешенін салуға уағдаласты. Кәсіпорынныӊ қуаты жылына 1 миллион тонна болады деп жоспарланып отыр.

"Самұрық-Энерго" АҚ, Қазақстанныӊ даму банкі және Қытайдыӊ мемлекеттік даму банкі Шелек дәлізінде жел электр станциясын салу шарттарына қатысты ортақ шешімге келді. Кәсіпорын қуаты алғашқыда 60 МВт, ал кейін келе 300 МВт-қа дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар, Алматы облысында жасыл энергетиканы дамытуға Қытайдыӊ мемлекеттік даму банкі 120 млн. доллар, ал Қазақстанныӊ даму банкі 35 млн. доллар көлемінде займ бөледі.

"ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰАК" АҚ мен CNEIC (China Nuclear Energy Industry Corporation) корпорациясы уран өнімін ҚХР аумағы арқылы АҚШ пен Канадағы тасымалдауға уағдаласты. Осылайша ұлттық компания уран өнімін тасымалдау бағдарын әртараптандыра түспек.

"Біріккен химиялық компания" ЖШС Жамбыл облысында "Глифосат пен үшхлорлы фосфор өндірісі" жобасын қаржыландыру мен іске асыру туралы келісімге қол жеткізді. Осылайша қытай тарапынан жобаны HUALU компаниясы бірлесе жүзеге асырып, Қытайдыӊ мемлекеттік даму банкі өндірісті іске қосуға 100 млн. доллар қаражат қарастыратын болды.

"ҚазМұнайГаз - өӊдеу және маркетинг" АҚ мен China Kingho Energy Group "Қарағанды СиСиАй" ЖШС атты жаӊа бірлескен кәсіпорын құратын болды. Компания Қарағанды облысында көмір өӊдеу кешенін салу жобасыныӊ операторы болмақ. Жобаныӊ мақсаты көмірден синтетикалық отын алудыӊ тыӊ технологияларын өндіріске енгізу.

Аталған іскерлік келісім шарттар "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы мен Қытай компаниялары арасындағы шикізаттық емес сектордағы әріптестікті нығайтып, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға септігін тигізеді.

"Самұрық-Қазына" АҚ Корпоративтік коммуникациялар бөлімі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны