29.06.2006, 15:31 3296

Семей өңірінде бруцеллез індеті белең алды

СЕМЕЙ. 29-маусым. Kazakhstan Today. Семей өңірі Абыралы ауданында бруцеллез індеті белең алды. Бұл туралы “Республикалық мал дәрігерлік зертхана” РМКК Семей филиалының директоры Болат Ғизатов Kazakhstan Today агенттігіне берген сұхбатында құлағдар етті.

Оның айтынша, бруцеллезге қатысты қолайсыз ахуал Абыралы ауданының Қараөлең, Алғабас және Ақбұлақ ауылдық округтерінде байқалып отыр. Бұл аймақта екі аптада 5 мың бас ірі қара және ұсақ мал тексеріліп, соның нәтижесінде бруцеллез дертіне шалдыққан 123 бас мал анықталды.

Белгіленген тәртіпке сәйкес, ауырған малдың көзі тез арада құртылуға тиіс. Алайда, Б.Ғизатовтың айтуынша, әзірге бұл проблема шешілмей отыр. “Ең бастысы, ауырған малды жою жұмыстарын ұйымдастыруға қосымша қаржы тапшы. Бұрын бұл іспен ет комбинаттары айналысатын. Қазір ондайлар жоқ. Қалған жалғыз комбинаттың оған мүмкіндігі жетпейді. Изірге ауырған малды жою жұмыстары кімнің мойнына жүктелетіні белгісіз күйінде қалып отыр”,- дейді Б.Ғизатов.

Оның айтуынша, мал дәрігерлік қызмет бұл мәселедегі салғырттықтың салдарына алаңдаушылық білдіруде. “Ауырған малдың ұзақ уақыт бойы жеке қораларда қала беруі үлкен зардапқа әкеледі. Адамдар үшін қаупі арта түседі. Ауырған мал бес күннің ішінде жойылуға тиіс. Ал қазір екі аптадан асты”,- деді Семейдің бас мал дәрігері.
Б.Ғизатовтың айтуынша, Абыралы ауданының үш ауылдық округіндегі індетке шалдыққан 30 мың бас ірі қара және ұсақ малды сауықтыруға республикалық бюджеттен 6 млн. теңге бөлінді. “Абыралы ауданында бруцеллез дерті белең алғалы 5 жылдан асты. Бірақ қолданылып жатқан шараларға қарамастан, жағдай жақсармай келеді”,- деді ол.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны