28.09.2021, 20:46 25304

Соңғы 5 жылда мұндай астық сапасы болмаған - Сапаров

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің айтуынша, астықтың жалпы көлемі республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚЫРКҮЙЕК - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров астық жинау науқаны бойынша есеп берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Ағымдағы жылдың егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Биылғы жыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін күрделі болды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қиындықтар болды. Бұған қарамастан, егін жинау уақтылы басталды. Бүгінгі таңда егін жинау қарқыны былтырғыға қарағанда жоғары. Бұған шаруалар бірқатар бағыт бойынша негізгі ресурстармен толық көлемде қамтамасыз етілуі септігін тигізді: жанар-жағар май, техника, тұқым, тыңайтқыш уақытылы дайындалды. Қуаңшылық жағдайлар тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде, соның ішінде Канада, АҚШ, Ресей сияқты әлемдік астық державаларында да байқалады", - деді вице-министр ОКҚ брифингінде.

 
Сапаровтың айтуынша, ауа райы-климаттық жағдайлар мүмкіндік берсе, Қазақстан бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары келесі аптада аяқталуы тиіс. Жедел деректерге сәйкес, бүгінгі күні республика бойынша 15,5 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды немесе 97,9%. Орташа өнімділік 9,7 ц/га құрайды, 15 млн тонна астық бастырылды, оның ішінде 11,7 млн тонна бидай. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша дәнді және майлы дақылдардың жалпы түсімінің болжамды көлемі шамамен 18 млн тоннаны құрайды, орташа өнімділік 9,5 ц/га. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамына тоқталсақ, жалпы түсімнің жоспарланған көлемі шамамен 16 млн тоннаны құрайды, орташа өнімділік 10,1 ц/га. Сонымен қатар, республикада ауыспалы қалдық бар – шамамен 3,5 млн тонна, оның ішінде бидай – 2,8 млн тонна. 
 

Ауыспалы қалдықтарды ескерсек жалпы астық жинаудың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін толығымен жеткілікті", - деді спикер. 

 
Сондай-ақ, ол жаңа егіннің сапасы да жоғары деңгейде екенін атап өтті. 
 

Соңғы 5 жылда мұндай астық сапасы болмаған. Құрамында глютені жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өсуі байқалады", - деді бірінші вице-министр. 

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны