19.09.2024, 14:03 30671

Тұрын үй сатып алуға арналған кредиттер көлемі бір жылда 5%-ға өсті

Ал бес жыл ішінде ипотекалық кредит нарығының көлемі 3,5 есеге өсті
Тұрын үй сатып алуға арналған кредиттер көлемі бір жылда 5%-ға өсті, деп хабарлайды ranking.kz.

2024 жылдың шілде айының соңындағы жағдай бойынша халыққа тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген кредит көлемі 5,9 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға көп. Ал бес жыл ішінде ипотекалық кредит нарығының көлемі 3,5 есеге өсті.

Өткен жылдардағы динамикаға көз салсақ, 2010 жылдан 2017 жылға дейін ипотекалық қарыздардың көлемі іс жүзінде өзгермеген және шамамен бір деңгейде болған, ал 2018 жылдан бастап айтарлықтай өсім байқалады.

Дәл осы сәттен бастап Қазақстанда тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесін іске асыратын Отбасы банкі (сол кезде ТҚЖБ) тарапынан кредит беру көлемінің ұлғайғаны байқалды. Дәл осы қаржы институты ипотека нарығының дамуына ықпал етті. Бүгінде Отбасы банкінің несиелік портфелі 3,2 трлн теңгені немесе ипотека нарығының 55%-ын құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1% ға артық. Ал бес жыл ішінде банктің кредит портфелі 3,5 есеге өссе, он жылдағы көрсеткіші 15 еседен көп.

Отбасы банк азаматтар үшін тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған түрлі ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асырып отырады. Қазір 25 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) жалғасатын "Наурыз" және "Отау" тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға қосымша мүмкіндік берілуде. Қатысуға өтінімді "Баспана маркет" порталында (otbasybank.kz) беруге болады. Кімдер қатыса алады: бұған дейін "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары бойынша қатысушылардың алдыңғы тізімдеріне енбей қалған қазақстандықтар, сондай-ақ банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысу туралы енді шешім қабылдаған жандар.

Енді қатысуға өтінімді көбірек қазақстандық бере алады, себебі Отбасы банкінде "Отау" және "Наурыз" бағдарламаларының шарттарын біріздендіру туралы шешім қабылданды.

Бүгінгі таңда 1 900-ден астам қазақстандық отбасы "Наурыз" бағдарламасы бойынша қоныс тойын атап өтті, тағы 1734 адам "Отау" бағдарламасы бойынша қарыз алды. Шамамен 5000 адам қарыз бойынша банктен мақұлдау алып, сатып алуға қолайлы баспана іздеу үстінде. "Баспана маркет" порталында (otbasybank.kz) таңдауға болатын 560 тұрғын үй кешені ұсынылған, ол жерде қазірдің өзінде 9 183 пәтердің кез келгенін брондауға болады.

2024 жылғы 11 қыркүйектегі жағдай бойынша "Баспана маркет" порталында (otbasybank.kz) ең көп пәтер орналастырған үздік 5 құрылыс компаниясы: Sat NS (971 пәтер), "Шар-Құрылыс" (585 пәтер), GBG (466 пәтер), MTS Company LTD (431 пәтер), "Ақтау Строй Контракт" (406 пәтер). Ал сату бойынша ең белсенділері: Sat NS, Ayt Housing Complex және MG City. Порталдағы үздік 10 құрылыс компаниясының тізімі төмендегі инфографикада берілген.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны