Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда көлемін 20 млрд долларға дейін ұлғайтуды ұсынды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшыларының VIII Консультативтік кездесуінде Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда көлемін 13 млрд АҚШ долларынан 20 млрд АҚШ долларына дейін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
"Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ өңір елдерінің шекара маңындағы аймақтарында құрылып жатқан сауда-логистикалық кешендер мен өнеркәсіптік кооперация орталықтарының жұмысында зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
"Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған", - деді президент.
Ол Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып, өңірлік көлік байланыстарын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып жатқанын атап өтті.
"Мойынты - Қызылжар және Дарбаза - Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты - Аягөз бағыты ашылады. Бұл - өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал - Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін", - деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
"Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік - Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті", - деді ол.
Президенттің хабарлауынша, Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, алға қойылған барлық инфрақұрылымдық міндеттер іске асырылған жағдайда, 2040 жылға қарай Каспий арқылы өтетін жүк ағыны төрт есе артуы мүмкін.
"Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауға болады деп ойлаймын. Бұл жоба әлеуетімізді арттырады әрі барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде тағы бір басым бағыт ретінде Орталық Азиядағы тұрақтылыққа төнген басты сын-қатерлердің бірі саналатын су мәселесін атады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
