04.12.2008, 15:55 3213

Төтенше жағдайлардан келген материалдық шығындар көлемі 2003 жылмен салыстырғанда 2,9 есе өскен - Есеп комитеті

Төтенше жағдайлардан келген материалдық шығындар көлемі 2003 жылмен салыстырғанда 2,9 есе өскен - Есеп комитеті

Астана. 4 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Төтенше жағдайлардан келген материалдық шығындар көлемі 2003 жылмен салыстырғанда 2,9 есе өскен, деп хабарлайды агенттік тілшісі Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Есеп комитетінің бағалауынша Төтенше жағдайлардың алдын алудың және оларды жоюдың мемлекеттік жүйесін дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші кезеңі тиімсіз іске асырылған. Бағдарламаның бірінші кезеңінің мақсаты орындалмаған. Төтенше жағдайлардан келетін материалдық шығынды жыл сайын 2-3 пайызға азайту жоспарланғанына қарамастан, 2003 жылмен салыстырғанда оның 2,9 есе өскені байқалады. Бұл ретте, көрсетілген кезең ішінде төтенше жағдайлар саны 70%-ға төмендеген.

Бағдарламаның бірінші кезеңін (2004-2006 жылдар) іске асыру жөніндегі жоспарда көзделген 16 іс-шараның жетеуі орындалмаған. Бағдарламаның екінші кезеңі бекітілген іс-шаралар жоспарынсыз іске асырылуда. Бұл, екінші кезеңге қойылған мақсаттар мен міндеттердің орындалуына қауіп төндіреді.

Есеп комитеті үкіметке Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерінің жасақталуы бойынша белгіленген нормалардың сақталуын қамтамасыз етуді ұсынды. Төтенше жағдайлар министрлігіне төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін тіршілікті қамтамасыз ету құралдары мен жүйесінің жедел резервін қалыптастырудың тәртібі мен нормаларын бекіту қажеттігі жөнінде ұсыным берілді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар саласында қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді регламенттеу ұсынылды.

Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады, ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны