13.02.2013, 10:34 3476

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" мемлекет жүктеген әлеуметтік рөлді атқармай отыр

Бүгін Парламент Мәжілісінде Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Нұрлан Жазылбеков осылай мәлім етті.

Астана. 13-ақпан. Kazakhstan Today - "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" халыққа арналған ипотека құнын азайту жөніндегі мемлекет жүктеген әлеуметтік рөлді атқармай отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Нұрлан Жазылбеков осылай мәлім етті.

"Елімізде жүзеге асып жатқан "Қолжетімді тұрғын үй - 2020" бағдарламасының мақсаты баспанаға қол жетімділікті арттырып, тұрғын үй құрылыстарын дамыту проблемаларын кешенді шешу болып табылады. Осы ретте халықтың басым бөлігі үшін баспана жағдайын жақсартудың жалғыз жолы - ипотека. Алайда, республикалық банктерде оның пайыздық мөлшерлемесін азайту байқалмайды. Сондықтан, тұрғын үй құрылыстарын дамыту қарқынын сақтауға мүмкіндік беретін тетіктердің бірі мемлекеттік субсидия есебінен және салымшылардың жинақтауларынан қорландырылған тұрғын үй құрылысы жинақ ақша жүйесін дамыту болып танылып отыр", - дейді Н. Жазылбеков. Оның айтуына қарағанда, тек 2011 жылы бюджеттік қаражаттан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жарғылық капиталын өсіруге 57 млрд. теңге бөлінсе, одан 25 млрд. теңге тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін азайтуға Үкімет шешімімен қайта бөлінді. Сонымен қатар, 2012 жылы "Қолжетімді тұрғын үй - 2020" бағдарламасы бойынша жылдық 1% мөлшерлемесі бойынша банкке бюджеттік кредит беруге қосымша 12 млрд. 200 млн. теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушыларының салымдарына Банктің 2% мөлшерінде сыйақысы белгіленген, ал коммерциялық банктердің депозит бойынша мөлшерлемесі 9 пайызға дейін жетеді.

"Бүгінгі таңда, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ның 372 мыңнан астам шарт бойынша салымдар сомасы 129,85 млрд. теңгені құрайды. Басқаша айтқанда, салымшылардың осы депозиттер бойынша алынбаған пайдасы жылына 7% шамамен 9 млрд. теңгені құрайды. Яғни, салымшылар екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда Тұрғын үй құрылыс банкіндегі өздерінің депозиттерінен 7 % -ға дейін жоғалтып отыр. Алайда, жылдық 1% мөлшерлемесі бойынша бюджеттен бөлінген қаражатқа және жылдық 2% мөлшерлемесі бойынша депозитке қолжетімділігіне қарамастан "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" қарыздары бойынша жылдық сыйақысы 7,5-10% құрайды", - дейді депутат. Осыған орай Н. Жазылбеков Банкте қарастырылған 2012-2013 жылдардағы тиімді мөлшерлеме, яғни нақты кредит құны 11-19% дейін құрайтынын айтып, бұны коммерциялық банктердің ипотекалық кредиттерінің құнымен салыстыруға әбден болатынын алға тартады. "Айырмашылығы екінші деңгейлі банктер қаржыны нарықтық жағдайда тартса, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" іс жүзінде бюджеттік қаражат пен азаматтардың жинақтары есебінен пайда тауып отыр. Басқаша айтсақ, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" халық үшін тұрғын үй кредитінің құнын азайту бойынша, оған мемлекет жүктеген әлеуметтік рөлін атқармай отыр", - дейді ол.

Бұл ретте депутат "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін" өз міндетін дұрыс атқармай отыр деп айыптайды. "Салыстыру үшін айтайын, қаржы дағдарысын басынан өткізіп отырған Еуропада, кредит бойынша жылдық орташа ставка 3-4 пайызды құрайды. Сосын бұл қаражат банктермен ашық нарықтан 1,5-2 пайызбен тартылады. Осылайша банктердің таза маржасы 1-2 пайыздан аспайды. Ал Қазақстанның "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" мемлекеттен бюджеттік кредиттері 1%, ал салымшылардың депозиттерінен - 2 пайыздан алады да, 19% маржа табады. Бұл мемлекет пен халықтың қаражатынан масылдықпен күн көру емес пе?", - дейді Н. Жазылбеков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны