10.10.2007, 13:33 1478

Үкімет 2008 жылға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлерін қайта қарамайды

Үкімет 2008 жылға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлерін қайта қарамайды.

Астана. 10 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет 2008 жылға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлерін қайта қарамайды. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясының парламенттік фракциясының отырысы барысында вице-премьер Өмірзақ Шүкеев хабарлады.

"Бюджеттің жалпы параметрлерін біз өзгертпейміз", - деп мәлімдеді Ө.Шүкеев депутаттар сауалына берген жауабында.

"Біз бюджеттің өз аясында қаржыны бөліп таратуға дайынбыз, бірақ, бюджеттің жалпы көрсеткіштерін өзгертпейміз. Біз қазіргі жағдайда бюджеттің параметрлерін өзгертпей, жоғары жауапкершілік жүктеп алмақшымыз", - деді вице-премьер.

Бірқатар мәжіліс депутаттары өз сөздерінде үкіметтің атына азық-түлік өнімдері мен электр қуатының бағасы өсуіне байланысты сын айтып, үкіметке бюджет жобасында инфляциялық дәліз санын екі орынды санға дейін арттырып, ең төменгі күнкөріс деңгейін көтерулі ұсынды.

Бұл сындарға жауап берген вице-премьер биыл инфляция деңгейінің "межеленген дәліз шеңберінен шығып кеткенін" (5-7% - агенттік ескертпесі) растады.

"Жылдың басында мұнайдың бір баррелінің бағасы 80 доллар болатынын, тіпті нан бағасының осыншама қымбайттайтындығын ешкім де болжап айта алған жоқ. Шикізат ресурстарын экспорттаумен айналысатын біздің айналамыздағы елдердің бәрі де инфляцияның осындай қысымына душар болып отыр", - деді Ө.Шүкеев.

Ол үкіметтің "жағдайды жіті қадағалап, шара қолданып жатқанын" атап өтті. Оның айтуынша, қазір электр қуатының қымбаттауына проблемасын шешуге қатысты ұсыныстар дайындалып жатыр.

Вице-премьердің пікірінше, төртінші тоқсанда әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтың шығындарын облыстардың өз қаржысы есебінен тұрғын үй жәрдемақысы арқылы өтеп беруге мүмкіндік бар. Ө.Шүкеевтің айтуынша, ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында нан бағасының қымбаттау шығындарын да атаулы әлеуметтік көмек арқылы облыстық бюджет есебінен өтеп беруге мүмкіндік жетеді. "Жергілікті атқарушы билік органдарында ақша жеткілікті екенін біз көріп отырмыз", - деді ол.

Ө.Шүкеев, сондай-ақ, үкіметтің қазір "ең төменгі күнкөріс деңгейінің қаншаға өсетінін" бағалап жатқанын жеткізді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2008 жылғы бюджет тапшылығы 197,6 млрд теңге, немесе Жалпы ішкі өнңмге шаққанда 1,3% , инфляция деңгейі 6-8% дәліз аясында қарастырылған.

2008 жылғы республикалық бюджет түсімдері 2 трлн 692,1 млрд теңге, немесе Жалпы ішкі өнімге шаққанда 17,7% деңгейінде межеленген. Ал кіріс 2 трлн 684,7 млрд теңге болмақ. Салық түсімдері 2 трлн 209 млрд теңге, салық емес түсімдер 43,5 млрд, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер - 8,7 млрд теңге болмақ. Ұлттық қордан даму бағдарламаларын қаржыландыру үшін бөлінетін трансферт 341,4 млрд теңге көлемінде межеленген.

Бюджет шығындары 2 трлн 889,7 млрд теңге, немесе, жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,9% болмақ. Ал әлеуметтік блокқа арналған шығындар 936,9 млрд теңге, немесе жалпы бюджет көлемінің 32,4% көлемінде жоспарланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны