27.05.2010, 12:30 2212

Үкімет әлеуметтік-экономикалық міндеттерді уақтылы әрі толыққанды шешудің мүмкіндіктерін жіберіп алған - Есеп комитеті (толықтырылған)

Үкімет әлеуметтік-экономикалық міндеттерді уақтылы әрі толыққанды шешудің мүмкіндіктерін жіберіп алған - Есеп комитеті (толықтырылған)

Астана. 27 мамыр. Kazakhstan Today - Үкімет әлеуметтік-экономикалық міндеттерді уақтылы әрі толыққанды шешудің мүмкіндіктерін жіберіп алған. Бұл туралы Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев кеше ҚР парламенті сенатында 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Есеп комитетінің есебін таныстыру рәсімінде сөйлеген сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Баяндамада ол былай деді: "Биылғы Есеп комитетінің есебінде парламент депутаттарының 2008 жылдың есебін қарастыру барысында айтқан ұсыныстары ескерілген.

Үкімет бюджетті екі рет нақтылап, 19 рет түзетуіне байланысты, бюджет қаражатының қозғалысына назарларыңызды аудару үшін 2009 жылғы Есепте бюджет параметрлерінің атқарылуы жан-жақты қамтылды.

Есеп комитетінің бағалауынша, жалпы алғанда үкімет қалыптасқан қаржы және экономикалық дағдарыс жағдайында алдына қойылған міндеттер айтарлықтай күрделі болса да, оларды ойдағыдай орындап шыққан.

Сонымен бірге, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және бюджет қаражатын пайдаланатын басқа кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржы тәртібінің нашарлап кеткенін атап өтуге тиіспіз.

Өткен жылмен салыстырғанда, игерілмеген қаржының көлемі 4,6 есе, бос қаражаттың қалдығы 8,5 есе, талап ету мерзімі өтіп кеткен дебиторлық және кредиторлық берешек шамамен үш есе өскен.

Сонымен қатар, үкімет тарапынан бюджет заңнамасының нормалары сақталмағандықтан, заңның 38-бабында үкіметтік борыштың лимитін белгілейтін норма бұзылған, яғни борыштың мөлшері белгіленген лимиттен 41 млрд теңгеге асты.

Сонымен, Үкімет әлеуметтік-экономикалық міндеттерді уақтылы әрі толыққанды шешудің мүмкіндіктерін жіберіп алған.

Есепті кезеңде Есеп комитеті дағдарысқа қарсы іс-шараларға және Жол картасына бөлінген қаражаттың пайдаланылуын бағалауға өзінің қызметі барысында баса екпін қойды. Дағдарысқа қарсы іс-шараларды бақылаудың қорытындысы көрсетіп отырғандай, көп жағдайда ақша түпкілікті тұтынушыға жетпей, банк депозиттерінде жиналып, басқа мақсаттарға бағытталып отырған.

Сегіз өңірде Жол картасының іске асырылуы тексерілді. Жол картасын жоспарлау кезінде Үкімет іс-шараларды іске асырудың мерзімін айқындамаған, олардың құнын, бірлесіп қаржыландырудың көлемін анықтау жөніндегі шараларды дер кезінде қолданбаған, іс-шараларды жүргізудің сапасына талаптар белгілемеген, нәтижелілік пен тиімділік индикаторларын жеткілікті мөлшерде айқындамаған, сондай-ақ сандық көрсеткіштердің макроэкономикалық және салалық көрсеткіштермен арадағы өзара байланысы ескерілмеген.

Есепті жылы жаңа Салық және Бюджет кодекстері іске асырыла бастады.

Біздің бағалауымызша, қолданыстағы салық заңнамасын қолдану күрделі болғандықтан, салықтық әкімшілік жүргізу нашарлап, салық төлеушілердің талап-арыздары бойынша ұтылған сот процестерінің саны өсе түскен.

Салық органдары лауазымдары адамдарының заңсыз қабылдаған актілері салдарынан келтірілген зиян Үкіметтің резерві есебінен 342,4 млн теңгеге өтелген.

Бұл ретте Үкімет осы органдардың кінәлі лауазымды адамдарына қаражаттың орнын регресс тәртібімен толтыру бойынша шара қолданбаған.

Салықтық әкімшілік жүргізуді босаңсыту жалған кәсіпкерлік арқылы салық төлеуден жалтарудың түрлі жолдарын туындатады. Осы ретте салық заңнамасында осындай әрекеттердің алдын алатын нормалар қарастырылмаған.

Импортталатын тауарлардың жекелеген түрлерінің өлшем бірлігі үшін олардың құны деңгейінің төмендеуі кеден органдары тарапынан бақылаудың жеткілікті дәрежеде жүргізілмей отырғанын көрсетеді.

Бақылау барысында автомобильдерді импорттау, бос темір жол көлігін әкелу кезінде кедендік рәсімдердің бұзылғаны анықталды. Соның нәтижесінде бюджет 1 млрд. теңге шамасында залал шегіп отыр.

Біздің есепте "2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң баптарының бюджет жүйесінің жаңа принциптеріне сәйкес атқарылуына талдау жасалған. Сонымен, жеті негізгі принцип бұзылған.

Жаңа Бюджет кодексінің ережелері республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуына әсер етті.

Атап айтқанда, "жылжымалы негізде" жүзеге асырылатын бюджетті үш жылға жоспарлау жергілікті атқарушы органдарға игерілмеген трансферттерді нысаналы мақсатын сақтай отырып, келесі жылы пайдалануға мүмкіндік берді.

2009 жылы республикалық деңгейде - 24,9 млрд теңге, жергілікті деңгейде - 14,8 млрд теңге, ал жалпы 39,7 млрд теңге нысаналы трансферт игерілмеген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп.

Есепте функционалдық топтар бойынша шығындардың атқарылуына жан-жақты талдау жасалды, бұл шығыстардың бағыттары мен олардың атқарылу нәтижелерінің бөлінісінде Үкіметтің түзетулерін көруге мүмкіндік береді.

Бюджетті жоспарлау мен атқару кезінде орын алған, бірақ үкіметтің есебінде қамтылмаған барлық өзгерістер өзгеше қырынан қарастырылған.

Шығындарды атқаруды талдау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде ең көп игерілмеген қаржы мыналардың үлесіне тиеді: Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі -11,8 млрд теңге, Білім және ғылым министрлігі -11 млрд теңге, Көлік және коммуникация министрлігі - 9,5 млрд теңге.

Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру кезінде нәтижеге бағдарланған бюджетті атқаруда түбегейлі жаңа көзқарастар көзделмегендіктен, 2009 жылдың аралық кезеңінде жекелеген іс-шаралар бойынша жоспарланған көлемдегі міндеттер мен күтілген нәтижелерге қол жеткізілген жоқ.

Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдардың әдіснамалық базасын құру формалды сипатта болған, қаржыландыру салалары мен бағыттарының ерекшеліктеріне терең талдау жасалмаған.

Инвестициялық жобаларды іске асыру айтарлықтай алаңдаушылық туғызып отыр. Іріктеп тексеру кезінде мына жайттар анықталды: инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды жоспарлау және атқару мәселелері бойынша заңнама талаптары бұзылған; жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен оны іске асыру мерзімінің кешеуілдеуіне байланысты, жобаларды іске асыру барысында олардың құнын қымбаттатуға жол берілген; өнім жеткізушілер шарттағы өз міндеттемелерін бұзып отырған; құрылыс-монтаж жұмыстары сапасыз жүргізілген.

Сонымен қатар, олар қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалармен және аумақтық даму бағдарламаларымен байланыстырылмаған.

Тексерілген мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру кезінде іс-шараларды орындауды қаржылық қамтамасыз етудің жеткіліксіз дәрежеде негізделгені, үйлестіруші мемлекеттік органдар мен атқарушылардың арасында айқын өзара іс-қимылдың болмағандығы, оларды орындалуына сапалы мониторинг жүргізілмегендігі анықталды. Сондықтан, көбінесе көздеген мақсатқа және күтілген нәтижелерге қол жеткізілмеген.

Үкімет мемлекет активтерін басқарудың тиімді тетігін әзірлеу жөнінде толыққанды шаралар қолданбаған.

Біздің пікірімізше, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жүйелі және дәйекті стратегиясының болмауы, инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде нарық сегменттеріне жасалған маркетингілік талдаудың нашар болуы, даму институттарының бос қаражатты екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастыру тәжірибесі, Үкімет тарапынан үйлестірудің жеткіліксіз болуы республикалық бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің ұтымсыз пайдаланылуына алып келді.

Есепті кезеңде Есеп комитетінің бақылау іс-шараларының нәтижесінде 31,9 млрд теңге қалпына келтіріліп, өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 13 есеге өсті.

Құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін 56 бақылау материалы жіберілді. Тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа 78 адам тартылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны