19.01.2007, 14:22 2801

Үкімет басшысы министрліктерге 2007-жылдың аяғына дейін барлық шаруашылық субьектілерді мемлекеттік холдингтер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға басқаруға беруді тапсырды

АСТАНА. 19-қаңтар. Kazakhstan Today. Бүгін қаржы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде үкімет басшысы Кәрім Мәсімов барлық министрліктерге 2007-жылдың аяғына дейін барлық шаруашылық субьектілерді мемлекеттік холдингтер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға басқаруға беруді тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Ағымдағы жылдың аяғына дейін ішінде қаржы министрлігі бар барлық министрліктер шаруашылық субьектілерді басқаруды доғаруға тиіс. Үкімет тек саясатты айқындауға, ал қалғанын не "Самұрық", не "Қазына", немесе "Қазагро", немесе, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар атқаруға тиіс",- деді К.Мәсімов. Оның айтуынша, "бұл кәсіпорындар тәуелсіз директорларды тарту арқылы нарықтық экономика принциптеріне, ашықтық, корпоративтік басқару принциптеріне сәйкес басқарылуға тиіс".

К.Мәсімовтың пікірінше, егер бұған дейін "осынау барлық мемлекеттік меншіктің дамуы туралы мәселеде саладағы стратегиялық инвесторларға басты салмақ салынып келсе, ендігі жерде бағалы қағаздар жөніндегі мәселені шешу және қор рыногын ынталандыру жөніндегі шешімдермен даму мәселесі іске асады". "Осы кәсіпорындардың акциялары қоржынының шамалы бөлігін сату да бір шешім болуы мүмкін. Осындай саясаттың бір жақсы мысалы ретінде "Қазақтелеком" акцияларының шамалы бөлігін тұрғындарға сатуды атауға болады",- деді үкімет басшысы.

"Мемлекеттің басқа да активтерінің акциялары да осындай шағын пакеттер түрінде ашық әрі айқын жолмен халықтың қолына көшуге тиіс", деген пікірде үкімет басшысы. "Шартты түрде айтатын болсақ, еліміздің жалпы 15 млн халқы қоржынның аз бөлігіне қожалық етуге тиіс. Соның арқасында әрбір адам мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет жүзеге асырып отырған экономикалық саясаттың нәтижесін сезінуге тиіс. Ал үкімет шағын, ықшамды әрі кәсіби болуға тиіс. Ол шаруашылық іс-қызметке тікелей ықпал жүргізбеуі қажет",- деді К.Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны