22.07.2014, 19:54 5618

Үкіметте Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қарастырылды

Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы "Қазақстан-2050" стратегиясын іске асыру шеңберіндегі ұзақмерзімді жоспарлау жүйесі элементтерінің бірі болып табылады.

Алматы. 22 шілде. Kazakhstan today. Бүгін 2014 жылғы 22 шілдеде Үкімет Үйінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қарастырылды, - деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) "Қазақстан-2050" стратегиясын іске асыру шеңберіндегі ұзақмерзімді жоспарлау жүйесі элементтерінің бірі болып табылады.

Стратегияның қаржы секторының ұзақмерзімді перспективада дамуын айқындайтын міндеттерінің бірі инфляция деңгейін экономиканың өсуі үшін қолайлы деңгейде ұстап тұру, экономиканың қолжетімді ақша ресурстарына деген қажеттілігін қамтамасыз ету және қаржы секторының проблемаларын шешу болып табылады.

Үкіметтің отырысында аталып өткендей, Тұжырымдаманың негізгі мақсаты бәсекеге қабілетті қаржы секторын құру және оның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын қоса алғанда, үздік халықаралық стандарттар негізінде экономикада ресурстарды қайта бөлудегі тиімділігін арттыру болып табылады.

Тұжырымдама шеңберінде мынадай міндеттерді іске асыру көзделеді:

1) әлеуетті күйзелістер туындаған жағдайда қаржы жүйесінің орнықтылығына қолдау көрсетуге қоғам мен мемлекеттің шығасыларын төмендету;

2) экономикалық ықпалдасу жағдайында қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

3) қаржы жүйесінің сапалы дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру және оңтайлы жағдайлар жасау;

4) қаржы секторының өсу ресурстарын, оның ішінде экономиканың қажеттілігіне сәйкес келетін қаржы өнімдерінің есебінен кеңейту;

5) теңдестірілген экономикалық жағдайларға қолдау көрсету және экономикадағы кредиттік тәуекелдерді төмендету.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Қайрат Келімбетов Мемлекет басшысының Тұжырымдаманы талқылау кезінде қаралған тапсырмаларын ескере отырып, мынадай үш басты мәселеге назар аударды.

Біріншіден, бұл банк секторын шоғырландыру және оны капиталдандыруды арттыру;

Екіншіден, мобильдік технологияларды дамыту және банк қызметтерін ұсыну;

Үшіншіден, корпоративтік басқаруды және тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі дамыту.

Банк секторын дамыту моделі, атап айтқанда, жүйе құраушы ірі топты және орташа банктер тобын күшейтуге баса назар аударады. Қазақстанның ірі банктері ЕАЭО-ның қаржы нарығында Қазақстан банк секторының өзегін білдіреді. Сонымен бірге орташа банктер оларға корпоративтік сектор және халық үшін банк қызметтерінің негізгі түрлері бойынша бәсекелестіктің неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Банк секторын нығайту және өздігінен шоғырландыру мақсатында Ұлттық Банк 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап банктердің меншікті капиталының ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптарды қазіргі 10 млрд. теңгеден 100 млрд. теңгеге дейін біртіндеп ұлғайтуды көздеп отыр. Осы талапқа сәйкес келмейтін банктер өзінің жұмысын жалғастыра алады, алайда олар үшін жеке тұлғалардың депозиттерін тартудың ең жоғары сомасы шектеледі.

Капиталдың жоғары деңгейі және қосымша инвестициялар банктерге кредиттеудің ІЖӨ-гі үлесін арттыру, тұтынушыларды қаржылық қызметтермен қамтуды кеңейту, мобильдік банкинг және банктік интернет қызметін көрсетуді қоса алғанда, жаңа жоғары технологиялық қызметтерді дамыту үшін, Базель III стандарттарына көшу үшін қажет.

Тұжырымдама шеңберінде қоғам үшін өзекті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, төлем қызметтерінің инфрақұрылымын дамыту, қаржы ұйымдарының тарапынан нарықтық тәртіпті арттыру, мемлекеттік-жеке әріптестік институтын дамыту және басқалары сияқты мәселелер де қозғалды.

Қаржы жүйесін дамыту міндеттері банк секторын, сақтандыру секторын, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығын дамыту шеңберінде қаралатын болады.

Бұдан басқа, қойылған міндеттерді іске асыру барысында оңтайлы реттеу тетігін қолдану болжамдалып отыр, мұнда реттеушінің талаптары шектен тыс болмайды, бірақ қаржы жүйесінің тәуекелдерін іске асырудың ықтимал салдарларын барынша азайтуға көмектесетін болады.

Күйзелістерді тиімді тартуда қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін даму бағыттарының бірі капиталдың жеткіліктілігі, өтімділік көрсеткіші және қаржы левереджі, сондай-ақ тәуекелдерді басқару бөлігінде Базель II және III халықаралық стандарттарын кезең-кезеңмен ендіру болып табылады.

Атап айтқанда, реттеудің қарсыциклдылығына, банктер капиталына "қадағалау" үстемесіне, өтімділік коэффициенттеріне және левередж коэффициенттеріне баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар қабылданатын шаралар банктерге жаңа талаптарға бейімделу, сондай-ақ қадағалау үдерісіне әрбір банктің жаңа талаптарға дайындығын бірлесіп бағалау практикасын енгізу үшін қажетті уақыт кезеңін беруді көздейді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны