05.06.2007, 16:25 2928

Үкіметте зейнетақы активтерін сақтандыру қорын құру туралы мәселе қаралуда - Қаржылық қадағалау агенттігінің басшысы

АСТАНА. 5 - маусым. Kazakhstan Today. Үкіметте зейнетақы активтерін сақтандыру қорын құру туралы мәселе қаралуда. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің төрағасы Арман Дунаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Бүгінде банк жүйесіндегі жеке тұлғаның депозиттеріне кепілдік беру қоры тектес зейнетақы төлемдеріне кепілдік беру қорын құру жөніндегі мәселелер мен ұсыныстар қаралуда",- деді Арман Дунаев. Ол, "бұл жерде негізгі екі проблема бар екендігін" атап өтті. Біріншіден, мемлекеттік қаржылық қадағалау мекемесі басшысының түсіндіруінше, бір немесе бірнеше зейнетақы жинақ қорын таратқан немесе дефолтқа ұшыраған жағдайда "кепілдік қор қаржысы барлық кепілдік берілген қаржыны төлеуге жетпейді".

"Сонымен қатар, зейнетақы активтерін ойдағыдай басқарып отырған зейнетақы қорлары басқа да қорлардың сапасыз жұмысына жауап беруден бас тарта алады",- деп қосты Арман Дунаев. Оның хабарлауынша сондай-ақ, сақтандыру қорын құрған жағдайда салым оған салымшының зейнетақы жинағы есебінен түседі. Сөйте тұра, олар үшін "инвестицияық кірістің төмендеу проблемасы туындайды", деп санайды А. Дунаев. "Бұл проблемаларды тағы да жан-жақты талқылап, соңғы шешімді қабылдау керек",- деп атап өтті ол.

Осыған байланысты республикамыздың премьер-министрі Кәрім Мәсімов әлеуметтік реформаны одан әрі тереңдету бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысты іс-шаралар жоспарына сәйкес осындай қор құрудың орындылығын осы айдың аяғына дейін анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова "зейнетақы активтерін ұжымдық сақтандыру қорын қордың өз қаржысының есебінен құру туралы ереже еліміздің заңында қарастырылғандығын" еске сала кетті. "Бірақ оған зейнетақы жинақтаушы қорлардың өзі қарсылық көрсетуде",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны