31.03.2008, 19:15 7113

Ұлыбритания елшісі балама қуат көздерін енгізу үшін Павлодар облысымен ынтымақтасу мүмкіндігін атады

Ұлыбритания елшісі балама қуат көздерін енгізу үшін Павлодар облысымен ынтымақтасу мүмкіндігін атады

Павлодар. 31 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Ұлыбритания елшісі өңірде балама қуат көздерін енгізу үшін Павлодар облысымен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін атады. Бұл туралы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Пол Браммел Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісовпен ресми кездесуінен кейін өткен брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Ұлыбританияда балама қуат көздерін енгізу бойынша бай тәжірибе бар және бұл мәселе бүгінгі таңда аса маңызды болып отыр", - деп атап көрсетті П. Браммел. Оның айтуынша, Ұлыбритания жағы Павлодардың Ертіс өзенінің жағасында осындай жобаларды енгізуге барынша ықпал етуге дайын.

"Біз Астанада екі семинар өткізгенбіз. Біріншісі - Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен, екіншісі - мәжіліс комитетімен бірге. Онда біз осы мәселелерді талқыладық", - деп хабарлады Ұлыбритания елшісі. "Қазір біз осындай ресурстар бойынша ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін тереңірек зерттеу үшін үшінші жобаны жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды және болашағы бар жұмыс", - деді П. Праммел. Ол сондай-ақ, энергетика жағдайы бүкіл дүниежүзінде түйткілді мәселе болып отырғанын тілге тиек етті.

"Біз энергетикалық сектордағы ынтымақтастық бойынша Ұлыбритания және Қазақстан үкіметтері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Біз үшін бұл сектор қызығушылық тудырып отыр және мен ресурстарды игеру саласындағы ашықтық бастамаларын Қазақстан үкіметінің қолдап отырғанына қуаныштымын. Бұл Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің бастамасы болатын", - деп атап көрсетті елші.

Бұрын хабарлағанымыздай, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Пол Браммел бүгін Павлодарға екі күндік жұмыс сапарымен келген. Сапар барысында дипломат өңірдің ірі энергетикалық нысандарының жұмысымен танысуға ниет білдіріп отыр. Оның ішінде Павлодар мұнай химия зауыты, "Кастинг" металлургиялық зауыты, Екібастұз ГРЭС-1 және "Богатырь" разрезі бар.

Қазіргі таңда Қазақстанда 150-ден астам Ұлыбритания компаниялары жұмыс істеуде. Оның 80-90 пайызы көмірсутегі шикізатын өндіру және қайта өңдеумен айналысады. Облыс әкімі Қайрат Нұрпейісовпен кездесуі барысында П. Браммел мәлімдегендей, Ұлыбританияның іскерлік топтары Павлодар өңірімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Павлодар облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы өңірдің Ұлыбританиямен арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 6,4 млн АҚШ долларын құраған. 2006 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда тауар айналымы 1,8 есеге өскен. 2007 жылы облыс Ұлыбританияға 1,7 млн доллардың дизельдік отын түріндегі мұнай өнімдерін экспорттаған. Импорт көрсеткіші өткен жылы 1,3 есе өсіп, 4,7 млн долларға тең болған. 2007 жылы Ұлыбритания импортының негізін автомобильдер ($2,5 млн, өсім 1,6 есе), дәрі-дәрмектер ($0,8 млн, өсім 1,4%) және косметика ($0,4 млн, 33,3 пайызға төмендеген) құраған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны