26.12.2008, 18:50 3919

Ұлттық ақпараттық супермагистральдың құрылысы аяқталды

Ұлттық ақпараттық супермагистральдың құрылысы аяқталды

Алматы. 26 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Ұлттық ақпараттық супермагистральдың (ҰАСМ) құрылысы жөніндегі жобаны жүзеге асыру аясында жетекші байланыс операторы "Қазақтелеком" АҚ талшықты-оптикалық "Орал - Атырау" байланыс желісін (ТОБЖ) пайдалануға қосты. Осы байланыс желісін енгізу ҰАСМ негізгі участкелерінің құрылысын аяқтайды, деп хабарлайды агенттік тілшісі "Қазақтелеком" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Орал - Атырау" ТОБЖ ұзындығы 535 шақырымды құрайды. Құрылыс мерзімі 2007-2008 жылдарға созылды. Жобаны жүзеге асыруға жалпы 1 млрд 115 млн теңгеден астам күрделі қаржы салынды. Жобаның мақсаты республиканың батыс аймақтары халқын сапалы сандық қалааралық, халықаралық байланыспен қамтамасыз ету және Ақтөбе, Орал және Атырау қалалары бар ҰАСМ екінші сақинасын ұйымдастыру арқылы байланыс арналарына резерв жасау болып табылады.

Жалпы 1997 мен 2008 жылдар аралық кезеңінде ҰАСМ кеңауқымды жобасын жүзеге асыруға "Қазақтелеком" АҚ жалпы 21 млрд 423 млн теңге қаржы жұмсады. Қазіргі уақытта ҰАСМ өзіне жалпы ұзындығы 11 500 шақырымнан асатын, республиканың облыс орталықтарын, Алматы және Астана қалаларын өзара қосатын талшықты-оптикалық байланыс желісін қамтиды. Супермагистральды салу сұлбасын әзірлеу кезінде республиканың қолайлы географиялық орналасуы, сандық қалааралық байланысты ұйымдастыру, халықаралық және қалааралық арналардың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз ету, көрші мемлекеттермен байланысты ұйымдастыру сияқты маңызды факторлар ескерілді.

Сөйтіп, қазіргі уақытта елдің сандық телекоммуникациялық инфрақұрылым негіздерін құру үдерісі аяқталғандығын атап өту керек. Бұл өз кезегінде маңызды мемлекеттік жобалардың бірінің одан әрі жүзеге асырылуы үшін - "электрондық үкіметті" қалыптастыру мүмкіндігін берер еді. Одан басқа, ҰАСМ әлемдік ақпараттық кеңістікте Қазақстанның бірігуін қамтамасыз ету мүмкіндігін берді. Сонымен бірге, ҰАСМ жобасын жүзеге асыру республиканың орталық-азиаттық аймақта ірі транзиттік орталық ретінде қалыптасуын үдетеді.

Бүгін "Қазақтелеком" АҚ магистралдық желісі елдің жер бетіндегі телекоммуникациялық инфрақұрылымның толық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Супермагистральдың құрылысынан халықаралық және қалааралық байланыстың жоғары сапасын, сондай-ақ телекоммуникациялық қызметтердің кең шоғырын алған тұтынушылардың пайдасы да анық бола бастауда.

ҰАСМ құрылысының негізгі кезеңдері

Қытай шекарасынан және Өзбекстан шекарасына дейінгі қазақстан учаскесі болып табылатын, 1998 жылы халықаралық Транс-Азиатты-Еуропалық талшықты-оптикалық байланыс желісінің (ТАЕ ТОБЖ) құрылысы мен пайдалануға енгізілуі ҰАСМ-ды салудың басталған орны болды.

2001 жылы желтоқсанда Батыс "Шымкент - Қызылорда - Ақтөбе - Атырау - Ресей шекарасы" ТОБЖ пайдалануға енгізілді;

2004 жылы Шығыс "Петропавл - Көкшетау - Астана - Павлодар - Семей - Өскемен - Талдықорған" ТОБЖ пайдалануға енгізілді;

2005 жылы Мемлекет Басшысы Назарбаев Нұрсұлтанның қатысуымен Солтүстік "Петропавл - Қостанай - Ақтөбе" ТОБЖ пайдалануға енгізілді. Нәтижесінде ҰАСМ негізгі сақинасы ұйымдастырылды.

2005 жылдың аяғында Каспийлік "Мақат - Теңіз - Ақтау" ТОБЖ пайдалануға енгізілді;

2006 жылдың аяғында "Алматы - Астана - Қарағанды" ТОБЖ ҰАСМ соңғы ірі участкесі пайдалануға енгізілді;

2007 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен Ақтөбе және Орал қосылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны