19.10.2007, 16:53 2964

Ұлттық банк ағымдағы жылдың аяғына дейін теңгенің айырбас бағамы бойынша айтарлықтай өзгерістер болмайды деп болжайды

Ұлттық банк ағымдағы жылдың аяғына дейін теңгенің айырбас бағамы бойынша айтарлықтай өзгерістер болмайды деп болжайды.

Астана. 19 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Ұлттық банк ағымдағы жылдың аяғына дейін теңгенің айырбас бағамы бойынша айтарлықтай өзгерістер болмайды деп болжайды. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Акишев сенаттың жалпы отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Біз айырбас бағамы бойынша осы жылдың аяғына дейін қандайбір айтарлықтай өзгеріс күтіп отырған жоқпыз", - деді Д. Акишев.

Оның түсіндіруінше, "ағымдағы уақыт ішінде қуат көздерінің бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр, ал мұнай бағасы осы жылдың аяғына дейін бір барреліне $80 деңгейінен төмендемейді деп күтілуде".

"Бұл экспорттан түсетін валюта мөлшерінің артуына түрткі болып, ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз етеді", - деді Д. Акишев.

Сонымен бірге, "әлемдік нарықта доллар бағамы барлық валюта түрлеріне шаққанда төмендей түсуде, тиісінше оның теңгеге шаққандағы бағамы да құлдырай түспек".

"Қазақстанның коммерциялық банктері шетелдерде қайта қаржылану қабілетін қалпына келтіріп алды. Ұлттық банктің алдын-ала бағалауынша, коммерциялық банктер өз берешектеріне қатысты мәселені табысты шешуде. Мәселен, қазан айының алғашқы он екі күнінде коммерциялық банктер $1 млрд. 200 млн. көлемінде несие тарта алды", - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Бұған қоса Д. Акишев "еліміздегі валюта нарығындағы ахуал тұрақты қалпында, Ұлттық банк валюта нарығына іс жүзінде қатысып отырған жоқ", деп атап өтті.

Осыған байланысты Ұлттық банктің пікірінше, "қазіргі таңда ұлттық валютаның бағамын шұғыл өзгертуге негіз жоқ".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны