08.05.2007, 17:24 2807

Ұлттық банктегілердің пайымдауынша, 2007-жылы коммерциялық банктердің сырттан несие алу қарқыны төмендемейді

АЛМАТЫ. 8-мамыр. Kazakhstan Today. Ұлттық банктегілердің пайымдауынша, 2007-жылы коммерциялық банктердің сырттан несие алу қарқыны төмендемейді. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Гүлбану Айманбетова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Меніңше, банк саласының шетелдерден несие алу қарқыны төмендей қоймайды. Олар несие көлемін азайтпайды, керісінше тіптен көп алмақ",- деді Г.Айманбетова. Оның айтуынша, ағымдағы жылы еліміздегі коммерциялық банктер сырттан алған несиелер бойынша "тек кесте бойынша ғана" шамамен 12 млрд доллар көлемінде негізгі берешекті қайтаруға тиіс.

Ал Ұлттық банктің төлем балансы және валюталық қадағалау департаменті директорының орынбасары Сәлима Базарованың нақтылауынша, "бұл 2006-жылдың аяғындағы берешек". "Шамамен 12 млрд доллар көлемінде негізгі берешек пен сыйақылар 2007-жылы өтелуге тиіс. Соған сәйкес сырттан алған қарызды қайтаруға қатысты шығындар шамамен 14 млрд долларды құрайды деп ойлаймыз",- деді ол. "Ирине, банктер 2007-жылы алып, осы жылдың ішінде қайта қайтара алатын қысқа мерзімді несиелер де бар",- деді С.Базарова.

"Егер оларға биыл шамамен 14 млрд доллар көлемінде несиені өтеуге тура келсе, онда көптеген банктер қайта қаржыландыру үшін жаңа несиелер алады",- деді Г.Айманбетова. Сонымен бірге оның пайымдауынша, коммерциялық банктер бұрынырақта несиеге алған ақшаның бір бөлігін қарызды өтеу мақсатында пайдалана алады. Ұлттық банк төрағасының орынбасарының айтуынша, мемлекеттік қаржылық бақылау агенттігі мен Ұлттық банктің шектеу нормалары тек банктердің капиталы мөлшерін арттыруға ғана әсер етеді.

"Біздің мақсатымыз - осындай несиелерге қатысты тәуекелдерді азайту. Демек, біз бүгін несие алдыңыздар екен, онда капитал мөлшерін де арттырыңыздар деп талап қойып отырмыз. Сырттан несие алатын банктер өзінің капитал мөлшерін ұлғайтуға көшті. Сол себепті мақсат - келетін ақшаның көлемін азайту емес, тәуекелді төмендету",- деді Г.Айманбетова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны