11.07.2006, 17:22 2410

Изербайжан мен Қазақстанның қаржылық бақылау органдары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

БАКУ. 11-шілде. Kazakhstan Today. Бүгін Баку қаласында Изербайжан Есеп палатасының төрағасы Намик Насруллаев пен Қазақстанның республикалық бюджетінің атқарылуын қадағалау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев екі елдің жоғары қаржылық бақылау органдары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қол қою рәсімінде О.Өксікбаевтың атап көрсеткеніндей, келісім екі мекеме арасындағы ынтымақтастыққа негіз қалап, екі елдің экономикалық қарым-қатынастарына септігін тигізеді. “Бұл нақты әсері бар құжат болмақ. Келіссөздер барысында біз болашақ ынтымақтастықтың бағыттарын белгіледік. Олар нақты шаралардың жоспарына қамтылатын болады”,- деді О.Өксікбаев.

Н.Насруллаевтың айтуынша, келісім ішкі заңнама аясында бірлескен әрі параллель іс-қызмет жүргізуге мүмкіндік береді.
“ТМД елдері жоғары қаржылық бақылау органдарының жетекшілері кеңесінің отырысына дейін біз іс-шаралар жоспарының жобасын жасап, оған 2006-жылы жұмыс бабында қол қоямыз деп ойлаймын”,- деді Н.Насруллаев.

Атап айтсақ, келісімде бақылау іс-қызметі бойынша өзара тәжірибе мен әдістемелер алмасу ережелері көрсетіледі. “Біздің елдердің экономикалық құрылымы жақын. Пайданың басым бөлігін қуат көздерін экспортқа шығарудан табады. Бұл бізге бақылау шараларын жақсырақ үйлестіруге жол ашпақ”,- деді О.Өксікбаев.

Сонымен бірге құжатта “арам ақшаны ақтап алуға” жол бермеу мен оған бақылау жасау саласындағы ынтымақтастық туралы тәртіптер бар. “Арам ақшаны ақтап алуға” қарсы күрес Қазақстан мен Изербайжан секілді дамып келе жатқан елдер үшін аса маңызды. Инвестиицялар көлемі ұлғайған сайын оның маңызы тіптен арта түспек. Жоғары қаржылық бақылау органдары инвестициялардың тазалығы мен ашықтығы тұрғысында өздерінің салмақты сөзін айтуға тиіс. Капиталдың ашықтығын қамтамасыз етудің әдіс-тәсілдері бізде бар”,- деді О.Өксікбаев.

Изербайжан Есеп палатасының төрағасы Намик Насруллаев өз кезегінде палатаның бұл мәселені барлық деңгейде, барлық әріптестерімен бірлесе талқылап жатқанын атап өтті. “Бізде арам ақшаны заңдастырруға қарсы күрес заңы әзірге қабылданған жоқ. Сол себепті біз қолданыстағы заңнама шеңберінде өз орнымызды тауып алуға талпынып отырмыз. Біз үшін қаржы көздері мен оның ашықтығын анықтап, бұл ақпаратты бұқара назарына ұсынудың маңызы зор”,- деді Н.Насруллаев.

Еуропалық Кеңестің “арам ақшаны ақтап алуға” және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі сарапшылар тобының бағалауынша, Изербайжан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ақшаны “ақтап алуға” қарсы шараларына дайындық тобының жаңартылған стандарттарына сай келеді. 2006-жылы Изербайжанда “лас ақшаны ақтап алу” үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеу тәртібі енгізілді.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны