24.05.2012, 15:04 3010

V Астана экономикалық форумында жаһандық экономикалық трансформацияның жаңа жолдары талқылануда

Елбасы Н.Назарбаев V Астана экономикалық форумының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде, форумның күнтәртібіне жаһандық экономикалық трансформацияның маңызды мәселелері шығарылып отырғанын атап көрсетті.

Астана. 24-мамыр. Kazakhstan Today - V Астана экономикалық форумында жаһандық экономикалық трансформацияның жаңа жолдары талқылануда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Елбасы Н.Назарбаев V Астана экономикалық форумының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде, форумның күнтәртібіне жаһандық экономикалық трансформацияның маңызды мәселелері шығарылып отырғанын атап көрсетті.

Елбасы өз сөзінде, Астана экономикалық форумы жаһандық даму проблемаларына қатысты кең ауқымдағы еуразиялық көзқарастың ретрансляторы болып келе жатқанын айтты.

"Астана экономикалық форумы қазірдің өзінде саясаткерлер мен ғалым-сарапшылардың жаһандық диалогының бөлшегіне айналып отыр. Бұны бүгінгі форумның сапалы құрамынан да білуге болады. Өздерінің түрлі сессияларға қатысу туралы өтінішін 90-нан астам елдің 8 мыңнан астам азаматы білдірді. 12 Нобель лауреаты, бүгінгі жаһандық 100 ойшылдың 4-еуі қатысып отыр. Үкімет басшылары мен әлемге танымал саясаткерлер, халықаарлық ұйымдардың басшылары қатысуда. Астана экономикалық форумы жаһандық даму проблемаларына қатысты кең ауқымдағы еуразиялық көзқарастың ретрансляторына айналып келеді", - деді Н.Назарбаев өз сөзінде.

Мемлекет басшысы өз сөзінде сондай-ақ бұл форумның заманауи әлемді түсінуде, идеялар ұсынуда, жаһандық экономиканы реформалауда жаңа бағытты қалыптастыратынын айтты.

Форумның күнтәртібіне әлемнің экономикалық трансформациялану жолдары туралы маңызды мәселе шығарылып отыр. Илемдік валюталық-экономикалық дағдарыс әлемдік әлеуметтік дағдарысқа ұласып, көптеген дамыған елдерді еңсіретіп тастады. Халықаралық еңбек ұйымы жаһандық жұмыссыздық қатеріне алаңдаушылық білдіруде.

"Жаһандық дағдарысқа қарсы шаралардың жартыкештігі - екінші бір жүйелі дағдарысқа, халықаралық шаралар "коррозиясына" әкеліп отыр. "G-20" тобын құру әлемдік экономика реформасына қатысты диалог алаңын айтарлықтай кеңейтті. Алайда, Үлкен жиырмалықтың дағдарысқа қарсы саммитінен төрт жыл өткен соң, бұндай форматтың жеткіліксіз екендігі айқын болып отыр",- деді Елбасы Н.Назарбаев.

"Өткен жылдың аяғында мен Астана экономикалық форумының аясында өзіміз G-Global деп атап отырған жаңа форматтағы диалогты қолға алуды ұсынған едім. Бұл идея саяси және іскерлік топтардың, сарапшылардың үлкен қолдауына ие болып отыр. Астана экономикалық форумының ресми сайтында құрылған "G-global" интернет-алаңына қатысушылар саны бірнеше айдың ішінде 40 есеге өскен. 140-тан астам елдің 30 мыңнан астам пайдаланушысы оның тұрақты пайдаланушысы атанып отыр",- деп мәлім етті Елбасы.

G-Global алаңындағы интерактивті жарыссөздердің тақырыбы әлемдік экономиканы және валюталық-қаржылық жүйені қайта құру мәселесіне ұласуда және инновациялық даму, ядролық қауіпсіздік, геосаясат, ұлтаралық тағаттылық проблемалары да талқылануда.

"Қазақстан әлемдік қоғамдастықпен өзара іс-қимылға және сындарлы диалогқа әзір. G-Global идеясы барлық елдерге және әлемдік кеңістіктің барлық аумағына бағытталған. Бәріміз бірлесе отырып, біз әлемдік өзара қарым-қатынастың тиімді моделін ұсына аламыз",- деді Президент.

Елбасы сондай-ақ G-Global бастамасының 5 қағидасына тоқталды: олар - әлемдік қоғамдастықтың эволюциясы; әділдік, теңдік және мәміле; жаһандық тағаттылық және сенім; жаһандық транспаренттік; көпполярлы әлем құру.

"G-Global идеясының әлеуеті әлемдік қоғамдастықтың кең қолдауының арқасында өсе бермек. Нобельдік сыйлықтың лауреаттары G-Global Хатшылығын құру туралы ұсыныс жасады",- деді Н.Назарбаев.

Елбасы сондай-ақ, G-Global аясында басқа да бірқатар қазақстандық бастамаларды, оның ішінде "Жасыл көпір" бастамасын іске асыру қажеттілігін атап көрсетті. Бұл жобаны ғылыми негіздеу үшін Еуразиялық экономикалық клубтың жанынан Халықаралық болжам жасау институтын құру туралы ұсыныс жасалды.

"G-Global - келешек дәуірге, экономикалық дағдарыссыз әлемге жасалған қадам", - деп түйіндеді өз сөзін Қазақстан Президенті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстанынң елордасында V Астана экономикалық форумы ашылды. Форум аясында әлемнің 85 елінен келетін 6500 астам делегаттың қатысуымен 40-тан астам іс-шара өтеді. Форумға танымал мемлекеттік қайраткерлер, халықаралық сарапшылар, Нобельдік сыйлықтың лауреаттары қатысуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны