13.02.2007, 11:46 2867

Вице-премьердің пайымдауынша, еліміздің бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік мекемелердің іс-қызметі нақты үйлестірілмеген

АСТАНА. 13-ақпан. Kazakhstan Today. Үкімет басшысының орынбасары - экономика және бюджетті жоспарлау министрі Аслан Мусиннің пікірінше, мемлекеттік мекемелер еліміздің бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету бағытында өз іс-қызметтерін нақты үйлестіре алмай, тиісті деңгейде бастамалар көтере алмай отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Экономика және әлеуметтік салада біз қол жеткізген табыстардың бәрі мемлекет басшысы жүзеге асырған ғаламдық өзгерістердің жемісі. Экономикадағы көптеген оңды құбылыстар қазір аталмыш реформаларға арқау болған оңды энергияның арқасында инерциялы іске асуда. Ал талдау көрсеткендей, үкімет, мемлекеттік мекемелер мен әкімшіліктер еліміздің бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету бағытында өз іс-қызметтерін нақты үйлестіре алмай, тиісті деңгейде бастамалар көтере алмай отыр",- деді А.Мусин үкіметтің отырысында.

Оның пікірінше, егер үкімет осы ұстанымнан ауытқымайтын болса, онда "елімізде күрделі әрі жүйелі қателіктерден қашып құтыла алмай қалу қаупі бар".

"Экономика бұрынғыдай шығынды әрі шикізаттық бағытта қалып отыр, оны әртараптандыру процесстері айтарлықтай жылдам емес, макроэкономика саласында бірқатар беймаза факторлар байқалуда", деді вице-премьер. "Кейінгі екі жылда өсім негізінен ішкі рынокқа жұмыс істейтін салалардың есебінен қалыптасты. Бірінші кезекте бұл құрылыс және қаржылық қызметтер",- деді А.Мусин.

Ол кейінгі екі жылда өнеркәсіптегі нақты өсімнің орташа көрсеткіші 5,9%, осы мерзімде экспорттың табиғи көрсеткіші небәрі 2,8%-ке өскенін атап өтті. Вице-премьер кері факторлар ретінде құрылыс және қаржылық қызметтер секторындағы өсім динамикасының 40%-ті құрауын, соның нәтижесінде аталмыш екі сала экономикалық өсімнің 50%-ін қамтамасыз етіп отырғанын атады. "Бұл аса күрделі ауытқушылық және ол айрықша күрделі кері нұқсандарға алып келе алады",- деді вице-премьер.

"Елімізді индустриялық-инновациялық дамыту стратегиясын жүзеге асыру нәтижелері де біздің көңілімізді көншітпейді",- деді ол. Осыған байланысты А.Мусин өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны былтыр стратегияда айқындалған 8-8,4%-тің орнына бар-жоғы 7,3%-ті құрағанын еске салды.

"Іс жүзінде экономикалық өсімнің алтын діңгегі бола алатындай жарып шықпа жобалар мүлдем жүзеге асырылмай отыр", деді ол.

Сонымен бірге вице-премьердің бағалауынша, экспорттың құрылымында мұнай мен металл саудасы дендейді, ал шикізатқа жатпайтын тауарлардың үлес салмағы бар-жоғы 6-7%-тен аспайды. "Өңдеу өнеркәсібі мен ауылшаруашылығының үлесі өспей, жыл өткен сайын тиісінше 10% және 2% деңгейінде қалып отыр" ,- деді вице-премьер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны