04.08.2026, 18:34 78226

Wildberries қоймаларға жасалған шабуылдардан кейін қазақстандық сатушыларға өтемақы төлейді

Wildberries қоймаларға жасалған шабуылдардан кейін қазақстандық сатушыларға өтемақы төлейді

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Wildberries өкілдері Ресейдегі маркетплейстің логистикалық нысандарына жасалған шабуылдар салдарынан тауарлары зардап шеккен қазақстандық сатушыларды қолдау мәселесін талқылады.


"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов палата шығынды бағалау мен өтемақы төлеудің нақты тетігін әзірлеуге күш салып жатқанын айтты.


"Біз Wildberries басшылығының қатысуымен диалог алаңын құруға бастамашылық жасадық. Оның мақсаты - келтірілген шығынды бағалаудың нақты алгоритмдерін әзірлеу және зардап шеккен сатушыларға құқықтық қолдау көрсету", - деді ол.


Сондай-ақ, "Атамекен" компанияны қазақстандық кәсіпкерлердің өтініштерін қарау және өтемақы төлеу тәртібін нақты айқындауға шақырды.

Өз кезегінде Wildberries арнайы штаб құрылғанын хабарлады. Ол сатушылардың өтініштерін қарап, шығынды бағалаудың бірыңғай механизмін әзірлеумен айналысады.

Компания барлық қолдау шаралары серіктестердің қай елден екеніне қарамастан қолданылатынын атап өтті.

"Қазақстан - біз үшін басым бағыттардың бірі. Біз елдегі платформаны дамытуға инвестиция салуды, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауды және электрондық сауда нарығын нығайтуды жалғастырамыз. Wildberries үшін серіктестерді елге қарай бөлу жоқ. Логистикалық нысандарда тауарлары зардап шеккен барлық сатушыларға арналған көмек пен өтемақы шаралары қазақстандық селлерлерге де толық көлемде қолданылады", - деді Wildberries компаниясының инновациялар және экожүйені дамыту департаментінің директоры Евгений Этин.


Компания мәліметінше, өтемақы төлеудің бірінші кезеңі 88 мыңнан астам, ал екінші кезеңі 97 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілін қамтыған. Шығын толық бағаланғаннан кейін компания келесі төлемдер бойынша шешім қабылдайды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өтініштері, сұрақтары мен ұсыныстарын қабылдау үшін арнайы жедел желі іске қосылады.

Wildberries Қазақстанда 2014 жылдан бері жұмыс істейді, ал тікелей сатылымды 2021 жылы бастады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша платформада 120 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер тіркелген, ал олардың экспорт көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 62%-ға артқан.

Кездесу қорытындысында тараптар бизнеске жедел көмек көрсету және даулы мәселелерді шешу үшін өзара іс-қимылды үйлестіруге келісті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны