05.04.2010, 16:54 3618

Жамбыл ГРЭС-інің қызметкерлері кәсіпорын жұмысының бұл жолғы тоқтатылуы белгісіз мерзімге созылуы мүмкін деп қауіптенеді

Жамбыл ГРЭС-інің қызметкерлері кәсіпорын жұмысының бұл жолғы тоқтатылуы белгісіз мерзімге созылуы мүмкін деп қауіптенеді

Тараз. 5 сәуір. Kazakhstan Today - Жамбыл ГРЭС-інің қызметкерлері кәсіпорын жұмысының бұл жолғы тоқтатылуы белгісіз мерзімге созылуы мүмкін деп қауіптенеді. Бұл туралы Жамбыл ГРЭС-інің бас инженері Александр Кусков мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"ГРЭС ұзақ уақыт бойы қажетсіз болып қалу қаупінің алдында тұр. Өйткені, кейінгі екі жылда Қазақстанның оңтүстігінде өндірістің біршама құлдырап кету ағымы байқалады, бұл біз өндіретін электр қуатына деген сұранысты төмендетті", - деді А. Кусков.

Оның айтуынша, ҚР Энергетика министрлігінің жанындағы алқа мәжілісінде хаттамаға қол қойылған, соған сәйкес Жамбыл ГРЭС-і осы жылғы күз-қыс маусымында үш және төрт блокты режимде жұмыс істеуге тиіс болған.

"Алайда 2009 жылдың қазан айы мен 2010 жылдың наурызы аралығында кәсіпорын бір блокты режимде жұмыс істеді, жүктеме 125 МВт-тан асқан жоқ, соның нәтижесінде біз небәрі 574 кВт-сағ электр қуатын өндірдік, ал бастапқы жоспарланған көлем 700 кВт-сағ болған", - деді А. Кусков.

Оның айтуынша, "осы мерзімде кезекті жұмыс тоқтау маусымында кәсіпорын іс жүзінде ешбір ақша тапқан жоқ".

"ГРЭС жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылды, соның салдарынан біз қызметкерлерді жалақысыз демалысқа жіберуге немесе оларды мүлдем қысқартуға мәжбүрміз. Бұған қоса қаржы тапшылығына байланысты біз жабдықтарды жөндеуден өткізе алмай отырмыз", - деді А. Кусков.

Ал өткен жылы, оның айтуынша, қаңтар мен мамыр айлары аралығында кәсіпорын 1 млрд кВт-сағ электр қуатын өндіре алған. Осы мерзімде тапқан қаржы жабдықтар мен қызметкерлерді сақтап қалуға мүмкіндік берді, кәсіпорын жазда жұмыссыз қалған мерзімде мамандарға ең төменгі жалақы төленген.

"Қазір электр қуатына сұраныс болмауға байланысты ГРЭС кем дегенде 7 ай мерзімге жұмыссыз қалатын түрі бар, ал бұл тек кәсіби білікті мамандардан айрылуға ғана емес, жабдықтарды сақтай алмау ықтималдығына алып келмек", - дейді бас инженер.

Ал облыс әкімінің орынбасары Кәрім Көкірекбаев болса ГРЭС төңірегінде қалыптасқан ахуалды ең алдымен кәсіпорын өндіретін электр қуатының қымбаттығымен түсіндіреді.

"Кәсіпорынның жұмысын біраз уақытқа тоқтата тұру туралы шешім бұл кәсіпорында өндірілетін электр қуатының құны басқа жабдықтаушылармен салыстырғанда қымбаттығына байланысты қабылданған", - деді ол.

Оның ақпаратына сәйкес, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жамбыл ГРЭС-інде өндірілген электр қуатының құны ҚҚС қоспағанда 1 кВт/сағ үшін 6,50 теңге болып табылады, ал солтүстіктегі көздер өндіретін электр қуатының құны ҚҚС қоспағанда 1 кВт/сағ үшін небәрі 4,68 теңгеге тең".

"Қазір өңірде тан-кен және өңдеу өнеркәсібі жылдам қарқынмен дамып келеді. "Жол картасы" бағдарламасы бойынша белсенді құрылыс жүргізілуде. Сол себепті егер өңірге жеткізілетін солтүстік энергиясының көлемі бойынша тапшылық туындаған жағдайда ГРЭС міндетті түрде іске қосылады. Ал егер қажеттілік болмаса, онда кәсіпоырнды белгісіз уақытқа жаба тұруға мәжбүрміз", - деді К. Көкірекбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны