06.05.2008, 19:54 4424

Жамбыл облысында жеміс-көкөніс кластері құрылады

Жамбыл облысында жеміс-көкөніс кластері құрылады

Тараз. 6 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Жамбыл облысында жеміс-көкөніс кластері құрылады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Қазіргі уақытта жеміс бақшаларының, жүзімдіктердің көлемін ұлғайту және бақша саласын дамыту бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргізілуде", - деп мәлім етті облыс әкімі.

Бақша саласымен айналысатын ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер үшін республикалық бюджеттен айтарлықтай субсидиялар қарастырылған. Биыл Жамбыл облысындағы жеміс ағаштарының көшеттері 1187 гектар аумаққа егіледі. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Тағы 30 гектар жүзім алқабы үшін бөлінген.

Бұрнағы жылдары Жамбыл облысы өзінің бау-бақша және жеміс-жидек шаруашылықтарымен мақтанатын. 90 жылдардағы өтпелі кезеңде жағдай нашарлап кетті. Өңделетін ауыл шаруашылық жерлері ондаған есе қысқартылды.

"Бүгінгі таңдағы мемлекеттік көмектің үлесі әрбір гектарына 425 мың теңгеден келеді. Алдағы үш жылда тағы 96 мың теңгеден дотация бөлінбек", - деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылық департаментінің директоры Мұрат Қосылбеков.

Мемлекеттің бау-бақша саласына көрсетіп отырған жәрдемі өңірдің агроқұрылымдарының дамуына дем береді.Алдағы үш жылда облыстағы жеміс-көкөніс бақшалары мен жүзімдіктер 6 мың гектар жерге егіледі.

"Өңір экономикасының аграрлық саласында ауыл шаруашылығы өнімінің өндірістік көлемін арттырудағы оң үрдіс байқалып отыр", - деді Б. Жексембин. 2007 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 48 млрд теңгеге шығарылған немесе 2006 жылдың деңгейінің 104,7 пайызын құрайды. Жалпы алғанда 2006-2008 жылдарға арналған облыстық бірінші кезектегі шаралар бағдарламасын, 2006 - 2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты даму концепциясын жүзеге асыру үшін 6,2 млрд теңге бөлінген және игерілген. Оның ішінде 2007 жылы 3,3 млрд теңге жұмсалған. Оның 731,2 млн теңгесі ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдауға бағытталған.

Бүгінгі күндегі жалғыз проблема Шу мен Талас өзендеріндегі су деңгейінің жеткіліксіздігі. Ол өзендердің су жіберуі Қырғызстан жағынан шектеліп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны