23.05.2019, 17:51 12390

Жамбыл облысында өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда орын алған жалақы қарыздары бойынша жиын өтті

Жалпы, бұған дейін өңірдегі кәсіпорындардың берешегі 501 миллион теңге болса, оның 325 миллион теңгесі бір айда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қайтарылып, жабылған.

Тараз. 23 мамыр. Kazakhstan Today - Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда орын алған жалақы қарыздары бойынша жиын өтті. Онда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев баяндады.

Жалпы, бұған дейін өңірдегі кәсіпорындардың берешегі 501 миллион теңге болса, оның 325 миллион теңгесі бір айда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қайтарылып, жабылған. Ал, қазіргі таңдаөңіріміздегі 7 кәсіпорын бойынша жалақы қарыздары 176,1 миллион теңгені құрап отыр. Онда жалақыларына қолы жете алмай жүрген жүрген жұмысшылардың саны - 577.Жұмыскерлеріне берешек кәсіпорындардың қатарында "Энерджи-Тараз" ЖШС, "Меркі асыл тұқымды қой зауыты" АҚ, "Жаңатас-Су-Жылу" КМК, Хантауцемент зауыты, "Хантау Mining" ЖШС, "ПроектСтройГаз" ЖШС, "ТаразХимМонтаж" ЖШС -тері бар.Басқарма басшысы бұл орайдағы талдау жұмыстары үш бағытта жүргізілгенін жеткізді.

Айталық, ағымдағы жалақы бойынша берешек 39,5, мерзімі өткен жалақы бойынша қарыз 52,6, банкрот және оңалту үрдісіндегі жалақы бойынша берешек 84 миллион теңгеге жеткен.

Айта кету керек, бұған дейін анықталған жалақы қарыздарын қайтару бойынша облыстық еңбек инспекциясы басқармасымен бірқатар жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде, жыл басынан бері 16 кәсіпорын бойынша 4008 жұмыскердің жалпы 563,8 миллион теңге берешегі өндірілген.

Асқар Исабекұлы бұл берешектерді өндіру бойынша жүйелі жұмыс керектігін ескертіп, барлық жалақылық қарыздарды 5-маусымға дейін қайтару бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы алдағы уақытта да мұндай олқылықтардың орын алмауы, басшылық тараптар мен жұмысшылар арасында осы тұрғыдағы шиеленістердің болмауы үшін қажетті шараларды үздіксіз жүргізіп отырудың маңыздылығын баса айтты.

Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында да жан-жақты сараланды.

Аталмыш комиссия отырысына қатысқан жалақы берешегі бар кәсіпорындардың тиісті өкілдері орын алып отырған келеңсіздіктің себеп-салдарын түсіндіруге тырысты. Әйтсе де, жұмыс берушінің міндеті - қызметкерлерінің жалақыларын уақытылы төлеу.

Басқосу барысында Нұржан Календеров осыны баса айтып, берешекті қалайда уақыт созбай қайтару керектігін тілге тиек етті.

Басқосу барысында бизнестік әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бағытында атқарылып жатқанжұмыстар мен алдағы мақсаттар қаралды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі, "Жамбыл облысының Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған келісіміне толықтырулар енгізілді. Өндірістік процесті, еңбек құқығын қамтамасыз ету және қызметкерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мәселелері туралы әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасындағы меморандумның жоспары бекітілді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны